Қазақстан Қорғаныс министрі ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Бішкекте өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына қатысты.
Оған ҰҚШҰ қорғаныс ведомстволарының басшылары, Ұйымның Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов және Біріккен штаб бастығы генерал-полковник Андрей Сердюков қатысты.
Отырысқа қатысушылар ұйымның жауапкершілік аймағындағы әскери-саяси жағдайды, оның ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне әсерін талқылады. Сонымен бірге ҰҚШҰ ұжымдық күштерін басқаруды ұйымдастыруды жетілдіруге бағытталған құжаттарды қарады.
Қорғаныс ведомстволарының басшылары 2026-2030 жылдарға арналған әскери ынтымақтастықты дамыту жоспарын келісті. Бұл құжат Ұйымның әскери құрамдас бөлігін нығайтуға бағытталған үйлестірілген ұйымдастырушылық, техникалық және практикалық іс-шараларды іске асыру мақсатында әзірленген.
Бұдан бөлек ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесінің шешімімен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын басқару органдары мен құралымдарын бірлесіп даярлаудың 2026 жылға арналған жоспары бекітілді.
Отырыс аясында ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесіне қатысушыларды Қырғызстан Республикасының Президенті Садыр Жапаров қабылдады. Кездесу барысында мемлекет басшысы Қырғызстанның төрағалығы кезінде Ұйымды дамытуға деген көзқарасымен бөлісіп, қауіпсіздікті нығайту, мүше елдер арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту және ұжымдық қорғаныс тетіктерінің тиімділігін арттыру басымдықтарына тоқталды.
Сол күні қатысушы мемлекеттер қорғаныс ведомстволарының басшылары Жеңіс алаңындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысының батырларына тағзым етті.