Олжас Бектенов пен БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Хаолян Шу Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) жүзеге асырудағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Астана халықаралық форумына қатысу үшін келген БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Даму бағдарламасы Әкімшісінің орынбасары Хаолян Шумен кездесті. Онда Орталық Азия аймағындағы экология және климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыру саласындағы ынтымақтастық және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Премьер-министр БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу Қазақстанның басты басымдылықтарының бірі екенін атап өтті. ОДМ-ны іске асыру жөніндегі міндеттер бірқатар стратегиялық құжаттарға кіріктірілген. Жалпы, БҰҰ-мен әріптестік орнатқан жылдар ішінде елімізде түрлі салада 200 жоба жүзеге асырылған. Соның ішінде қазір Қазақстанда 35 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде, олар – денсаулық сақтау саласын цифрлық трансформациялаудың кешенді тәсілдері; әлеуметтік қорғау бағдарламаларының тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру; энергия тиімділігі саласына инвесторларды тарту үшін жағдай жасау; ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты жүйесін ілгерілету; адам құқықтарын қорғаудың ұлттық тетіктерінің тиімділігін күшейту және тағы да басқалар.
Кездесуде Алматыда БҰҰ ДБ-ның субөңірлік кеңсесін ашу перспективаларына назар аударылды. Ол Орталық Азияның сыртқы сын-қатерлерге төзімділігін нығайту саласындағы бірлескен күш-жігерді үйлестіру бағытында жұмыс істейтін болады. Орталық Азия аймағы жаһандық сауда мен энергетикада негізгі ойыншылардың біріне айналып келеді. Әйтсе де, зор әлеуеті бола тұра, мұнда климаттың өзгеруінің салдары, су тапшылығы, сыртқы экономикалық сілкіністер сынды тағы да басқа сын-қатерлер туындап отыр.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымымен әріптестікті нығайтуға үлкен мән береді. Мемлекет басшысы мен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш арасындағы өзара конструктивті қатынас бірлескен бастамаларды ілгерілетуге қосымша серпін беріп отыр. Қазақстан климаттың өзгеруі проблемаларын шешуді толықтай қолдайды. Біз климатқа қатысты мәселелерді даму жоспарларымызға кеңінен енгізіп, халықаралық серіктестермен тығыз жұмыс істеудеміз. Біздің көміртегі бейтараптығы туралы стратегиямыз төмен көміртекті экономикаға көшу жөніндегі нақты да ұзақ мерзімді перспективаларды қамтиды, әрі барлық секторлар бойынша қажетті негізгі өзгерістерді айқындайды» Олжас Бектенов
Өз кезегінде Хаолян Шу БҰҰ ДБ-ның аймақтағы әлеуметтік және экологиялық бастамаларын жүзеге асыру жолындағы Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысында тараптар барлық перспективалық бағыттар бойынша серіктестікті дамытуға ықпал ету ниеттерін растады.