Қазақстан мен Италия: Негізгі уағдаластықтар мен өзара түсіністік меморандумдары

3883
Фотосурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Италия Министрлер Кеңесінің төрағасымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Джорджа Мелонимен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Жиынға екі ел делегациялары қатысты.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Италия стратегиялық серіктес екенін атап өтті. Қос елдің қарым-қатынасы өзара құрметке, сенім мен ортақ мүддеге негізделген.

Президент мемлекеттер арасында тығыз саяси диалог орнап, берік экономикалық ынтымақтастық дамып келе жатқанын жеткізді. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыс беки түскеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Италияның Орталық Азиядағы жетекші серіктесі, ал Италия еліміздің сауда әріптестерінің үштігіне енетін және ірі инвесторларының бірі екенін айтты. Елдер арасындағы тауар айналымы 24 пайызға артып, өткен жылы 20 миллиард долларға жетті.

"Сіздің басшылығыңызбен Италия Үкіметінің Қазақстанмен арадағы тығыз қарым-қатынастарды сауда және инвестиция салаларында ғана емес, парламентаралық ықпалдастық бағытында дамытуға ұмтылысын жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ екіжақты гуманитарлық ықпалдастыққа да шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Сіздің бұл сапарыңыздың екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан маңызы зор. Халықаралық аренада Қазақстан мен Италияның байланыстары сенімді әрі стратегиялық серіктес сипатында жалғаса береді деп сенемін" Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент соңғы жиырма жылда Италия Қазақстан экономикасына 7,6 миллиард долларға дейін инвестиция құйғанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанда ENI, SDF Group, PetroValves, Maire Tecnimont және Ballestra секілді ірі инвесторлар бастаған 270-ке жуық италиялық компания табысты жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Өз кезегінде Джорджа Мелони екі ел арасындағы ықпалдастықты жоғары бағалап, оның стратегиялық серіктестік рухына сай келетінін айтты.

"Сізді көреген көшбасшылардың бірі санаймын. Қазіргі сын-қатерлерді терең түсінетін адаммен әңгімелесу мен үшін өте құнды. Осынау қиын кезеңде жақсы жаңалықтар да бар. Соның бірі – Италия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас. Біздің байланыстарымыздың деңгейі жоғары. Мұны бұған дейін бірнеше рет атап өттік. Дегенмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік жеткілікті. Менің сапарымның мақсаты да осы. Сіздің еліңіздің Батыс пен Шығысты байланыстырып жатқан алтын көпір ретіндегі тарихи мәнін жақсы білеміз"  Джорджа Мелони

Келіссөз барысында екіжақты күн тәртібінің негізгі бағыттарын қамтитын көптеген мәселе талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелони Қазақстан мен Италияның қарым-қатынасын қарқынды дамытуға ықпал ететін серіктестікті одан әр жандандырып, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екендерін растады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони келіссөздер қорытындысы бойынша Стратегиялық серіктестікті нығайту жөнінде Бірлескен мәлімдеме қабылдады

Ресми делегация мүшелері мынадай құжаттармен алмасты:

  1.  Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Италия Республикасы Үкіметі арасындағы тұлғалардың реадмиссиясы туралы келісім;
  2.  Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Италия Кәсіпорындар және «Италияда жасалған» министрлігі, Қоршаған орта және энергетикалық қауіпсіздік министрлігі арасында аса маңызды қазба байлықтары мен шикізат материалдары саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдеме;
  3.  «Самұрық-Қазына» АҚ мен Maire Tecnimont арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  4.  «Самұрық-Қазына» АҚ мен Ansaldo арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  5.  Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі мен OICE арасында су ресурстарын басқару саласында білім және озық тәжірибе алмасу арқылы суға қатысты сын-қатерлерге байланысты практикалық шешімдерді ілгерілету жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыру туралы меморандум;
  6.  Қазақстан Даму банкі, Cassa Depositi e Prestiti S.p.A. және SACE SpA арасындағы бірлескен декларация;
  7.  «Самұрық-Энерго» АҚ және SACE SpA арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  8.  «Kazakh Invest» ҰК» АҚ мен Italian Trade Agency арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -