Қанат Бозымбаев Power China Chengdu компаниясымен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселесін талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Power China Chengdu Engineering Corporation директорлар кеңесінің төрағасы Хэ Яньфэн энергетика және су ресурстары салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту келешегін талқылады.
Power China Chengdu — жобалау мен инвестициялаудан бастап құрылыс пен пайдалануға беруге дейінгі толық қызметтер тізбегін ұсынатын әлемдегі жетекші компаниялардың бірі.
Бүгінде Power China Chengdu Қазақстанда бірқатар ірі жобаны жүзеге асырды. Олардың қатарында «Мойнақ» су электр стансасы, «Жаңатас» және «Шелек» жел электр стансалары бар. Қазіргі таңда «Хромтау» және «Арқалық» жел электр стансаларын іске қосуға дайындық жүргізілуде.
Келіссөздер барысында қытайлық тарап ирригация және су шаруашылығы салаларындағы жобаларға қатысуға қызығушылық танытты. Өз кезегінде Қанат Бозымбаев елдегі ірі инфрақұрылымдық жобалар туралы айтып өтті, олардың қатарында Алатау қаласының құрылысы мен коммуналдық және энергетикалық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба бар.
Кадр даярлау мәселесіне ерекше назар аударылды. Қанат Бозымбаев тараптардың бірлескен жұмысының маңызды бағыттарының бірі ретінде Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің базасында жас мамандарды даярлау туралы айтты.
Кездесу соңында тараптар бірлескен бастамалардың әлеуетін атап өтіп, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара ниеттерін білдірді.