Қазақстан мен Болгария президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Болгария Президенті Румен Радев келіссөзді екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда одан әрі жалғастырды.
Қазақстан Президенті атап өткендей, Румен Радевтің елімізге үлкен делегацияны бастап келуі екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін береді. Мемлекет басшысы тауар айналымының тұрақты өсіп келе жатқанын, сондай-ақ оны ұлғайтуға мол әлеует бар екенін айтты. Статистикаға сәйкес, биылғы төрт айда өзара сауда-саттық көлемі 83 миллион доллардан асты, ал былтыр бұл көрсеткіш төрт есе артып, 375 миллион долларға жеткен.
"Қазақстан экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыруға және энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау мен туризм салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бейіл" Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент болгар компанияларымен, инвесторларымен өзара ықпалдастықты қолдайтынын жеткізіп, бұл ретте Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия негізгі рөл атқаратынына тоқталды.
Өз кезегінде Румен Радев қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, Болгария мен Қазақстанның санқырлы ынтымақтастығының көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік мол екенін атап өтті.
"Болгария Қазақстанды Орталық Азиядағы басты стратегиялық серіктесі санайды. Табыстың кілті – ықпалдастықта. Екі ел, сондай-ақ Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуда мемлекеттеріміздің стратегиялық тұрғыдан орналасуына арқа сүйеуіміз қажет. Бұл Азия мен Еуропаны байланыстыруда маңызды рөл атқарады" Румен Радев
Келіссөз барысында екіжақты күн тәртібіндегі мәселелер кеңінен талқыланды. Тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға және қазақ-болгар қарым-қатынастарын дамытуға ықпал ететін жаңа бастамаларды жүзеге асыру ниетін растады.
Келіссөздерден кейін мемлекеттер басшыларының қатысуымен мынадай құжаттарды алмасу рәсімі өтті:
- Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Болгария Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
- Астана мен София қалалары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Шымкент және Пловдив қалалары арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Болгария Республикасының Сыртқы істер министрлігі Дипломатия институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- «Қазақстанның сыртқы сауда палатасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Болгарияның сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.