2025 жылдың маусым айының басында Димаш бес жылдан кейін Лондонның талғампаз көрермендерін тағы бір мәрте тәнті етті. Ол әлемге әйгілі OVO Wembley аренасында өнер көрсетті. Бұл жолы Қазақстанның Халық әртісі әйгілі канадалық-бельгиялық әнші, World Music Awards сыйлығының иегері Лара Фабианның «Voices» атты дүниежүзілік туры аясындағы концертінде арнайы қонақ ретінде сахнаға шықты және әлемнің түкпір-түкпірінен Лондонға келген жанкүйерлерімен кездесті. DK Media Europe редакциясының арнайы тілшілері қос шараға да қатысып, әсерлерімен бөліседі.
Лондон әдеттегі құбылмалы ауа райымен және көз сүйсіндірердей қалың жасыл желегімен қарсы алды. OVO Wembley аренасына қарай көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен ағылып жатты – бұл кеште Лара Фабиан британ көрермендеріне ұсынбақшы болған шоуынан керемет әсер күтті.
Кеш иесі көрермендерге ерекше бағдарлама дайындап қана қоймай, сахнаға зор гүл шоғымен шыққан қонақты тосын сый ретінде ұсынды. Көрермендер бұл сәтті орындарынан тік тұрып қарсы алды. Бұл таңқаларлық емес, себебі Димаш бұған дейін де Лара Фабианмен бірге сахнаға шыққан – атақты әншінің көптеген жанкүйерлері қазақстандық вокалисті 2019 жылы Мәскеуде өткен, Маэстро Игорь Крутойдың 65 жылдығына арналған «Мұз Рапсодиясы» шоуындағы «Ti Amo Cosi» триосы арқылы танып-білген.
Лара Фабиан Димаш Құдайбергеннің дарынына алғаш рет 2017 жылы Қытайдағы кәсіби әншілер байқауы «I'm Singer» кезінде назар аударған. Сол кезде жас әнші «S.O.S. d'un terrien en détresse» шығармасын тебіренте орындап, сондай-ақ Лара Фабианның сөзіне жазылған «Adagio» әнін ерекше мәнермен жеткізген. Сол себепті дәл осы ән Лондонда екеуінің бірлесіп орындауына таңдалды.
«Бүгін кешке менің сахнама өмірімде естіген ең әсерлі, ең ғажайып, ең қуатты, тіпті өзгеғаламдық дауыстардың бірі қосылады. Оның бұл кешке келуі – нағыз сый. Ханымдар мен мырзалар, күрделі әндердің бірін ешкімге ұқсамай орындайтын бұл өнерпаз – Димаш!», – деп таныстырды Лара өзінің ерекше қонағын. Ал ән аяқталған соң: «Бұл менің Димашпен бірге алғаш рет Adagio орындауым болды, және үміттенемін, соңғысы емес», – деп толықтырды.
Кеш көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады. Бұл сәт Димаш үшін де аса маңызды болғаны анық, ол Instagram парақшасында былай деп жазды:
«Adagio – жай ғана ән емес. Бұл – жанның диалогы, әр нотасы – эмоция, әр сөзі – музыка арқылы айтылған сыр. Лара Фабианмен бірге сахнаға шығу – мен үшін үлкен мәртебе. Оның үні мен рухы бүкіл әлемге шабыт сыйлап келеді. Ол әрбір ортақ өнер көрсетілім – байланыс пен өзара құрмет, музыкаға деген махаббат сәті».
Келесі күні Hilton Wembley қонақ үйінде өткен фан-кездесуде Димаш Лара Фабианға және оның командасына алғысын білдірді:
«Лара Фабианмен бір сахнада өнер көрсету – мен үшін үлкен оқиға, себебі ол – тірі аңыз. Мен оған және оның командасына осындай мүмкіндік үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді. Мен шынымен бақыттымын».
@ Aigerim Kali
Бұл өнер көрсету Димаштың 2025 жылғы қарашада сол Wembley аренасында жоспарлаған жеке концертінің дайындық кезеңі іспеттес болды. Фан-кездесуде алдағы ауқымды концерт жайлы сұрақ та қойылды. Димаш есіне алды:
«Бұл бірінші рет 2018 жылы болды. Қытайдағы “I'm Singer” бағдарламасынан кейін мен Еуропадағы алғашқы жеке концертімді Лондонда өткіздім. Енді екінші концерт жоспарланған, және мен бар күшімді салуға дайынмын. Таңнан кешке дейін вокалдық жаттығулар мен биден дайындаламын. Концерттік директорларыммен бірге бір ерекше нәрсе жасағымыз келеді».
Үлкен, ұзақ концерттерге дайындық, сөзсіз, дауыс сіңірлерімен жұмыс істеуді талап етеді. Фан-кездесу барысында Димаштың дауысына деген қарым-қатынасы туралы сұрақ қойылды. Көптеген музыканттар өз аспаптарымен сырласып, адамша қабылдайды. Ал Димаш үшін дауыс сіңірлері – алдымен бұлшықеттер, олар күнделікті жаттығуды қажет етеді. Бірақ күтпеген ашық сыр айтылды:
«Менің дауысым – тек менің дауысым емес. Бұл – сіздердің де дауыстарыңыз. Бұл – бәрімізге ортақ жақсы нәрселерді, соның ішінде соғыссыз әлемді еске салатын құрал».
Осы сөздерден кейін оның «The Story of One Sky» атты авторлық шығармасы сөз болды. Бұл туынды тек толқытып қана қоймай, адамдарды бейбіт өмірге ұмтылуға, өз ұстанымдарына берік болуға шақырады.
«Неліктен мен бұл жобаны жасағым келді – ең алдымен, адамдарға соғыссыз әлем туралы еске салу қажеттілігін сезіндім. Бұл ойымды әртүрлі сахналарда қайта-қайта айтып жүрмін, бәлкім, қария секілді көрінермін, бірақ бейбітшілікке жетуіміз керек, бұл өте маңызды. Төрт-бес жыл бұрын бұл шығарманы жазу жоспары туған кезде, оның коммерциялық жоба болмайтынын, ақша таба алмайтынымды түсіндім. Бірақ мен миссиямды – соғыссыз әлем туралы еске салуды орындай алатынымды білдім. Сондықтан осы керемет жобаны іске асыруға көмектескен жандарға үлкен алғыс айтқым келеді».
Осы бейбітшілікке үндейтін туындыны жазуға үш жылдан астам уақыт кеткен. Бұл шығарма араға жылдар салса да өзектілігін жойған жоқ. «The Story of One Sky»-дан бөлек, Димаштың репертуарында тыңдармандардың жүрегін жаулаған көптеген ерекше әндер бар. Жанкүйерлерге қызықты болған жайт – Димаш үшін ең маңызды ән «Өмір» екен. Бұл туынды туралы әңгімелегенде ол өзінің тағы бір қырын – ақындық шеберлігін танытты.
«Бала кезімде көп поэзия жазатынмын, бірақ оны ешкім көрген емес, тек отбасым оқитын. Жылдар өткен соң алғаш рет жүрегімде жатқан нәрсені жаһандық аудиториямен бөлістім. Қолдауларыңызға рахмет! Бұл ән – менің өмірім, біздің өміріміз туралы», – деді әнші, композитор және ақын Димаш.
Димаштың шығармашылығынан шабыт алған жанкүйерлердің өнері де кеңінен тарағаны сонша, DK Media Europe тілшілері әншінің осы жайлы пікірін сұрады.
@ Aigerim Kali
«Олар бастапқыда-ақ өнерге жақын болған сияқты. Мен, бәлкім, тек жалғастыруға себеп болған шығармын. Көптеген фанаттармен кездестім, олар жақсы сурет салады, ән айтады, өлең жазады. Бірнеше рет менің бейнем салынған татуировка жасаған адамдарды көрдім – бұл да өзін-өзі танытудың бір түрі. Diars мені шығармашылыққа итермелейді».
Әншінің креативтілігі сахналық шоуларынан да айқын көрінеді. Фан-кездесу барысында қатысушылар 2024 жылы Астанада өткен турдан түсірілген «Stranger» атты жаңа концерттік фильмнің үзінділерін көріп, тағы бір мәрте көз жеткізді. Бұл музыкалық фильм Димаш көптен бері бірлесіп жұмыс істеп келе жатқан режиссер Ғалым Әсіловтің жетекшілігімен түсірілді. Бір эпизодта Димаш америкалық композитор және аранжировщик Дмитро Гордонмен бірге жасаған жаңа әнінің премьерасы көрсетілді. Көрермендер бұл туындыны бірден «Fire» деп атап кетті. DK Media Europe тілшілері, әрине, әннің болашағы туралы сұрады.
«Иә, мен бұл әнге бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмын. Бұл өте құнды, ерекше дүние болады. Қалай түсіретінім жайлы ойым бар, режиссер де таңдалды». Біз де оның кім екенін болжап отырмыз.
Димаштың айтуынша, бейнебаян концерт кезіндегі қойылымнан да экстремалды болмақ – сол кезде ол көрермендерді тэквондо әдістерімен және әуе акробатикасымен таңғалдырған.
«Егер сахнада ерекше нәрсе жасағың келсе – оны іске асыруың керек. Егер қандай да бір себеппен істемесең, өз жұмысыңды толық атқармаған боласың. Алда да көптеген экстремалды элементтер болады. Осыған бола жақындарым маған ренжіп жатады. Бұл түсінікті жағдай». Осы сәтте залда отырған әкесі Қанат Айтбаев басын шайқап қана қойды, ал көрермендер «Сен бізге тірі керексың!» деп айғайлады. Күмән жоқ – өнерге деген сүйіспеншілікке қарамастан, Димаш жақындарын, достарын және жанкүйерлерін алаңдатпауға тырысады. Ол үнемі жақын жандардың өміріндегі орны ерекше екенін жасырмайды.
Онлайн қойылған сұраққа жауап бере отырып, Димаш жүрек сырын бөлісті:
«Атам қайтыс болды, бірақ ол маған көп нәрсе үйретті. Күн сайын түскі ас кезінде бір дастарқан басында отырып: “Сен кішіпейіл болуың керек” дейтін. Сол үшін рахмет. Әкем де, анам да, әжем де күн сайын соны айтып отыратын. Оларға алғысым шексіз. Балалық шағымнан бастап жақсы музыкалық білім алуға мүмкіндік берген де – олар. Мен осы жылдар ішінде қатты өстім, тоқтамай оқыдым. Қазір 31 жастамын, бірақ 26 жылдан бері музыка үйреніп келемін. Мұның бәрі отбасымның арқасында мүмкін болды, рахмет оларға!»
@ Aigerim Kali
Кездесудің соңында әншіге ең жас қатысушы – Лондонда тұратын дипломаттың қызы, жанкүйерлерге қазақ тілін үйренуге көмектесіп жүрген Каусар сұрақ қойды. Ол Димаштың Қазақстан мен қазақ тілінің болашағы туралы пікірін сұрады.
«Егер еліміздің болашағы ертегі іспетті жарқын болсын десек – бәрі өзімізден басталады. Біз – сіздер де, біз де – жауапкершілікті өзімізге алуымыз керек. Еліміздің болашағы – біздің қолымызда. Өткенге ренжімейді дейді – ал біз болашаққа үмітпен қарап, нық қадаммен алға жүруіміз керек. Қазақ тілінің болашағына келсек – бұл адамның өз ана тіліне деген махаббаты мен құрметіне байланысты. Барлығы жеке таңдаудан басталады. Әр қазақ, мүмкіндігінше, қазақша сөйлегенге ұмтылуы тиіс. Ешкімді айыптағым келмейді, бірақ қазақ ретінде замандастарымның, бауырларым мен әпке-қарындастарымның қазақ тілінде еркін сөйлегенін көргім келеді. Мен елімізден және Алладан соны тілеймін. Тіліміз мәңгі болсын, дами берсін. Гүлденген, дамыған, өркениетті елдің ұлы атанып, бақытты, бақуатты өмір сүргеннен артық не бар?»
Осылайша, Лондонда өткен екі күн көңіл мен жүректі жарып шыққан махаббат пен шынайылықтың шуағына толы болды. Димаштың Wembley аренасындағы жеке концертіне бес айға жетер-жетпес уақыт қалды. Біз білеміз және өз тәжірибемізден сенімді түрде айта аламыз – бұл тек ғажайып шоу ғана емес, рухтас жандардың арасында орнайтын жылы да шынайы отбасылық атмосфера болады. Артист пен оның адал фанаттарын дәл осындай байланыс біріктіреді.