Қытайдың танымал блогері Қазақстан туризмнің елшісі атанды

1760
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: YouTube

Астанада Kazakh Tourism басшысы Қайрат Сәдуақасов «Қазақстан туризмінің елшісі» мәртебесін Қытайдың танымал инфлюенсері Таотаоға табыс етті. Блогер өзінің ықыласымен еліміздің бай мәдениеті мен табиғатын 7 миллиондық аудиториясына таныстырып келеді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қытайдың инфлюенсері Қазақстанның 3 өңірімен танысып үлгерді. Ол алғаш рет елімізге 2024 жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында келген. Бұл жолы Таотао Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының бірегей табиғи жерлерін саяхаттап, Астана және Алматы қалаларының айналасымен танысуда.

Таотао атқа мінуге үлкен қызығушылық танытады. Ол еліміздің мәдениеті мен көркем табиғи ландшафттарына ерекше назар аударады. Блогер өз жарияланымдарында қазақтың дәстүрлі киімдері мен ұлттық асхананы паш етеді, бүркітпен аң аулау тәрізді бірегей сәттермен бөліседі.

«Мұндай құрметті мәртебенің берілгеніне аса қуанып, ризашылығымды білдіремін. Барынша көп адам Қазақстан жайлы білсін және келсін деген ниетпен әсем табиғаттарыңыз бен ұлттық тағамдарыңызды көрсетуді жалғастырамын», - деп өз әсерімен Таотао бөлісті.

Kazakh Tourism 2018 жылдан бері «ҚР туризмінің елшісі» бастамасын жүзеге асыруда. Бұл Қазақстанды тартымды туристік бағыт ретінде ілгерілетуге, әлемнің түкпір-түкпіріндегі саяхатшылар назарын еліміздің табиғи және мәдени байлығының алуан түрлілігіне аударуға бағытталған. Өткен жылы құрметті миссияны жапондық блогер Юджи Натсума қабылдады.

 «Туризм елшілері институты - ұлттық туристік брендті шетелде ілгерілетудің маңызды құралы. Олардың арасында туристік индустрияның, мәдениет және білім беру, медиа цифрлық кеңістік өкілдері бар. Қазақстан туризмінің елшілері әлемнің бірқатар мемлекеттерінде бар. Олар өздерінің үлкен ықыласымен және ақысыз негізде елімізді көпшілікке паш етуде» «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -