Қазақстан мен Франция азаматтық авиация саласындағы әріптестікті нығайтады

1474
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстан мен Франция азаматтық авиация саласында ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруде. ICAO аясында өткен EUR/NAT-DGCA/2025 аймақтық жиыны барысында қос елдің авиациялық биліктері маңызды құжатқа – азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Келісімге Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен Францияның Азаматтық авиация бас басқармасының (DGAC) бас директоры Дамьен Каз ресми түрде қол қойды. Құжат Қазақстан Көлік министрлігіне қарасты комитет пен Франция Республикасының Қалалық және ауылдық жоспарлау және орталықсыздандыру министрлігі арасындағы өзара түсіністік пен сенімді серіктестіктің нәтижесі болып табылады.

Әуеде қауіпсіздік – басты басымдық

Келісімнің негізгі мақсаты – Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стандарттары мен ұсынылатын тәжірибесін енгізу арқылы екі ел арасындағы ынтымақтастықты жалғастыру. Бұл Қазақстанның жаһандық авиациялық кеңістікке интеграциялануы мен қауіпсіз, заманауи авиациялық жүйе құруға бағытталған стратегиялық қадамдарының бірі.

Тараптар төмендегі салаларды басты бағыт ретінде белгіледі:

  • ұшу қауіпсіздігі,
  • әуе қозғалысын және әуе кеңістігін басқару,
  • қоршаған ортаны қорғау (оның ішінде тұрақты авиациялық отынды дамыту),
  • әуежай инфрақұрылымы,
  • экономикалық реттеу,
  • заңнамалық негіздерді жетілдіру,
  • авиациялық мамандарды даярлау және біліктілікті арттыру.

Бірлескен жобалар мен тәжірибе алмасу

Келісім аясында тараптар ақпарат пен тәжірибе алмасуға, оқыту бағдарламалары мен әдістемелерді бірлесе талқылауға, семинарлар, конференциялар мен практикалық тренингтер өткізуге ниетті. Сонымен қатар, мамандармен алмасу арқылы екі елдің де авиация саласындағы кадрлық әлеуетін арттыру көзделіп отыр.

Бұл құжат тек техникалық ынтымақтастық қана емес, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық авиациялық имиджін нығайтатын маңызды қадам. Жаңа келісім ел авиациясын дамытудың жаңа белесін ашып, тұрақты, қауіпсіз әрі тиімді әуе қатынасын қалыптастыру жолындағы серпінді серіктестікке айналмақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -