Ғизат Нұрдәулетов Чолпон-Ата қаласында өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің отырысына қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесуге қатысушылар ҰҚШҰ-ның жауапты аймағындағы ахуал бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі нысаналы мемлекетаралық бағдарламаны нақты іске асыру мәселелерін қарады, халықаралық терроризмге, есірткі айналымына, заңсыз көші-қонға қарсы күрес, сондай-ақ мүше мемлекеттердің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды талқылады.
Ғизат Нұрдәулетов әріптестеріне ҰҚШҰ қызметінің өзекті бағыттары бойынша Қазақстанның ұстанымын хабардар етіп, халықаралық ұйымдар туралы ақпарат алмасу және оларды қазіргі қақтығыстар жағдайында қайта құру қажеттігін атап өтті.
ҰҚШҰ шеңберінде өзара іс-қимыл тетіктерін одан әрі жетілдіруге және ұжымдық қауіпсіздік саласындағы үйлестіруді нығайтуға қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Чолпон-Атада I ҰҚШҰ киберқауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференциясына қатысты. Іс-шарада киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы халықаралық ынтымақтастық пен құқықтық реттеу мәселелері қаралды. Заманауи цифрлық технологиялар, соның ішінде жасанды интеллектінің жаһандық және аймақтық қауіпсіздікке әсерінің әлеуетті аспектілері қарастырылды.
Жиынға Қазақстаннан уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.