Қазақстан ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Жастар ісі жөніндегі кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Осы күндері Қазақстан делегациясы Әзербайжанда өтіп жатқан «Габала – ТМД-ның Жастар астанасы 2025: Әралуандық пен бірлік мерекесі» бағдарламасының ашылу рәсіміне қатысып жатыр.
Іс-шараға ТМД елдерінің мемлекеттік құрылымдары, жастар және волонтерлік қозғалыстардың көшбасшылары, сондай-ақ менторлар қатысты. Кездесудің басты мақсаты – ТМД елдерінің жастары арасындағы өзара байланысты нығайту.
Бағдарлама аясында Жастар қоғамдық ұйымдарының форумы және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Жастар ісі жөніндегі кеңесінің отырысы өтті.
Айта кетейік, бұл Кеңес ТМД-дағы жастар саясатын қалыптастыруда белсенді атсалысады, стратегиялық бағдарламалық құжаттар мен имидждік халықаралық жобаларды әзірлейді.
Кеңес 2005 жылы ТМД елдеріндегі жастарды қолдау және олардың үздік идеялары мен жобаларын іске асыру мақсатында құрылған. Оның құрамына мемлекеттік органдар басшыларымен қатар, ТМД-ның жастар және қоғамдық ұйымдарының көшбасшылары кіреді.