АҚШ-тың үздік жақ-бет реконструктивті-пластикалық хирургтары Алматыда балаларға ота жасайды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Алматыда Қазақстандағы Америка Сауда Палатасының (AmCham) гуманитарлық медициналық миссия жобасын талқылауға арналған отырысы өтті. Жоба аясында үздік американдық хирургтар тобы Алматыда балалар мен жас пациенттерге тегін жақ-бет реконструкциялық оталарын жасайды. Солтүстік Американың қазақстандық мәдени-іскерлік қауымдастығы (KCBANA) миссияның серіктесі болды. Кездесу халықаралық биофармацевтикалық AstraZeneca компаниясының алаңында өтті.
АҚШ Chippenham & Johnston-Willis медициналық орталығының пластикалық хирургы және пластикалық хирургия бөлімінің басшысы доктор Даррин Хьюберт отырыста миссияның қалай өтіп жатқанын айтып берді:
«Біз күн сайын таңертең екі ота жасаймыз, ал түстен кейін оқу лекцияларын өткіземіз. Өтіп жатқан оталардың барлығы тікелей эфирде аудиторияға көрсетіледі. Біз ота жасау кезінде не істеп жатқанымызды түсіндіріп отыратындықтан, аудиторияда аудармашы жұмыс істейді. Басты мақсатымыз – балаларға сапалы ота жасау әрі сонымен қатар жергілікті дәрігерлермен тәжірибе алмасу. Практика барысында алған дағдылар оларға болашақта пайдасын тигізеді деп үміттенеміз» Доктор Даррин Хьюберт
Қазақстанға сапары барысында доктор Даррин Хьюберт, Томас Ли, Жазира Іргебай және Мэрилин Бэгэн бастаған америкалық хирургтар Алматы қалалық №5 клиникалық ауруханасының қазақстандық дәрігерлерімен тығыз әрекеттестікте әртүрлі туа біткен деформациялары мен жүре пайда болған жарақаттары бар балалар мен ересектерге бет-жақ сүйегінің қалпына келтіру операцияларын тегін жасайды. Бұл жоба қазақстандық емделушілерге толыққанды өмір сүруге мүмкіндік береді, олар соңғы медициналық технологияларды пайдалана отырып, АҚШ-тағы ең үздік жақ-бет хирургтарымен бірге ота жасаудың бірегей мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, егжей-тегжейлі жеке тексеруден кейін басқа да пациенттерге кеңестер өткізіледі. Бүгінгі таңда 50-ден аса адам тегін консультация алған. Делегация Алматыда 29 маусым мен 6 шілде аралығында болады.
"Жобаның стратегиясы медициналық алмасудың кешенді жүйесін құруға бағытталған. Болашақта біз қазақстандық және американдық дәрігерлер үшін тағылымдамадан өту бағдарламаларын іске қосуды, резидентураны ұйымдастыруды, Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін мамандандырылған көмек ала алатын орталықтар ашуды, сондай-ақ медициналық құрал-жабдықтарды жеткізу, шалғай аймақтар мен табиғи апаттардан зардап шеккен аудандарға көмек жіберу, балалар үйлеріне қолдау көрсету мен қайырымдылық шараларын жүйелі түрде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз". Айнур Роджерс, Солтүстік Американың қазақстандық мәдени-іскер қауымдастығының (KCBANA) директоры
Сапар барысында балалар мен жасөспірімдерге барлығы 10 ота жасау жоспарланған. Тараптар екі елдің медицина қызметкерлерінің үздіксіз ынтымақтастығы үшін әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға ниетті.