Сеулде қазақстандық компаниялардың өнімдері таныстырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан өзінің отандық экспортын ілгерілету мақсатында Сеул қаласында өткен «Korea Import Fair 2025» халықаралық импорттық тауарлар көрмесіне қатысты.
Кореяның Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрлігі мен Кореяның сауда және инвестицияларды дамыту агенттігінің (KOTRA) қолдауымен Корея импорттаушылар қауымдастығы (KOIMA) ұйымдастырған бұл іс-шарада «Air Astana» және «Scat Airlines» әуе компанияларының қызметтері, «Maximus» компаниясының өнімдері және «Lotte Rakhat» фабрикасының шоколады ұсынылды.
Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген KOIMA Төрағасы Юн Ён Ми Корея үшін достас серіктес елдерден, соның ішінде Орталық Азиядан импортты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Ол бұл көрменің шетелдік компанияларға өз өнімдерін Кореяда таныстырып, әлеуетті серіктестер табуға бірегей мүмкіндік беретінін айтты.
Іс-шараға Еуропа, Азия және Африка елдерін қоса алғанда, 40 елден 200-ден астам компания қатысты. Қазақстандық стендті бірнеше жүздеген қатысушылар тамашалап, көптеген корей компаниялары қазақстандық компаниялармен ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.
Көрме аясында Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов, KOIMA Төрағасы Юн Ён Ми және Ұлттық ассамблеяның депутаты Со Иль Чжун қазақстандық өнімдермен танысып, екіжақты сауданы кеңейту перспективаларын талқылады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Корея арасындағы сауда айналымы 3,1 млрд АҚШ долларын құрап, Корея еліміздің ең ірі 10 сауда серіктесінің қатарына енгенін атап өткен жөн.