Шахталық метан бойынша халықаралық сарапшылар делегациясы Қарағанды облысының негізгі көмір нысандарын аралады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп БҰҰ ЕЭК, Clean Air Task Force және басқа да ұйымдардың халықаралық сарапшыларының қатысуымен Қарағанды облысына жұмыс сапарын ұйымдастырды.
Сапар аясында делегация Күзембаев атындағы шахтаға және "Qarmet" АҚ көмір департаментіне барды, онда шахта метанын мониторингілеу мен кәдеге жаратудың қолданыстағы технологиялары ұсынылды, техникалық мамандармен және кәсіпорын басшылығымен талқылау жүргізілді. Модульдік вакуумдық-сорғы станцияларының жұмысына, сондай-ақ көмір өндірісін цифрландыру және диспетчерлеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, қатысушылар Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде болып, метан энергетикасы зертханасымен және осы саладағы жетекші ғылыми әзірлемелермен танысты.
Сапар көмір саласын орнықты дамыту және декарбонизациялау саласында халықаралық ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу жолындағы маңызды қадам болды.