Эр-Риядта Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми сапары өтті. Делегация құрамында «Самрұқ-Қазына» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов және бірқатар мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Саяси диалог пен стратегиялық серіктестік талқыланды
Сапардың негізгі бөлігі – Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі ханзада Фейсал бен Фархан Аль Саудпен өткен келіссөздер. Тараптар:
- саяси диалогты нығайту
- сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту
- мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту
мәселелерін жан-жақты қарастырды.
Кездесу барысында екі ел арасындағы қатынастардың сенім мен стратегиялық өзара толықтыру қағидаттарына негізделгені атап өтілді.
«Қазақстан Сауд Арабиясын Таяу Шығыс пен араб әлеміндегі жақын және сенімді серіктес ретінде қарастырады. Біздің елдеріміз мазмұнды саяси диалогты, сенімнің биік деңгейін және жаһандық және өңірлік сын – қатерлердің кең ауқымы бойынша ұстанымдардың жақындығын біріктіреді», - деп атап өтті Ермек Көшербаев.
Халықаралық мәселелер бойынша өзара үйлесім

Тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар:
- БҰҰ
- Ислам ынтымақтастығы ұйымы
- АӨСШК
- ОПЕК+
сияқты халықаралық алаңдардағы үйлесімді әрекет маңыздылығы атап өтілді.

Инвестициялар мен экономикалық байланыстарға басымдық
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың әлеуетін ашуға ерекше көңіл бөлінді.
Қазақстан тарапы:
- энергетика
- инфрақұрылым
- агроөнеркәсіптік кешен
- «жасыл» экономика
сияқты салаларға сауд инвестицияларын тартуға мүдделілік білдірді.

Энергетика саласындағы ынтымақтастық кеңейеді
Сапар аясында Ермек Көшербаев Сауд Арабиясының Энергетика министрі ханзада Абделазиз бен Салман Аль Саудпен, Инвестициялар министрі Фахад Әл-Саифпен және ACWA Power компаниясының басшылығымен кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында:
- дәстүрлі энергетика
- жаңартылатын энергия көздері
- «жасыл» энергетикалық жобалар
бойынша ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Маңызды келісімдерге қол қойылды
Сапар қорытындысында екі ел арасында:
- инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы
- Үйлестіру кеңесін құру туралы
үкіметаралық келісімдерге қол қойылды.
Бұл құжаттар қазақ-сауд серіктестігін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.