Астанада «Цифрлық Жібек жолы – 2025» форумы өтті.
Қазақстандық туроператорларға қытайлық нарықта қатысуын күшейту мүмкіндігі ұсынылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Цифрлық интеграция мен ілгерілету мәселелері «Цифрлық Жібек жолы – 2025» форумы аясында талқыланды.
Басқосу екі елдің жетекші сарапшыларын, туроператорларын, қонақ үй индустриясы мен технологиялық компаниялар өкілдерін біріктірді. Негізгі мақсат - туризм саласындағы өзара тиімді әріптестікті нығайту және цифрлық трансформация жағдайында саланы дамытудың жаңа шешімдерін қарастыру.
Форум қатысушыларының назарын екі ел арасында туризм бойынша цифрлық серіктестікті дамыту мәселесі аударды. Биылғы маусым айында Kazakh Tourism Қазақстанның туристік әлеуетін Қытай нарығында ілгерілету мақсатында ҚХР ірі туристік платформаларының бірі саналатын Zowoyoo компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл қазақстандық туроператорларға, қонақ үйлер мен туристік нысандарға өз қызметтерін аталмыш платформада және Douyin (TikTok баламасы), Xiaohongshu (Little Red Book) және басқа да әлеуметтік желілерде орналастыруға жол ашады.
«Қытайда бізге белгілі әлеуметтік желілер мен әлемдік брондау жүйелері қолданылмайды. Сондықтан Қазақстанды тиімді ілгерілету үшін Zowoyoo тәрізді жергілікті аудиторияны жақсы білетін, тәжірибесі бар серіктестер қажет. Бұл компания қазақстандық бизнестің туристік өнімдері мен қызметтерін қытай тіліне және жергілікті пайдаланушыларға түсінікті форматқа бейімдеуге көмектеседі. Zowoyoo өз қаражаты есебінен бұл жұмысты жүргізуде. Бұл бағытта мемлекет тарапынан бірде-бір теңге жұмсалмайды. Нәтижесінде, қазақстандық турбизнес Қытай нарығына тікелей шығып, нақты туристік сұраныстарды қабылдауға мүмкіндік алады» «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанға Қытайдан шамамен 260 мың мейман келген. Zowoyoo секілді цифрлық платформаларды қолдану арқылы онлайн брондаудың ыңғайлылығы мен жекелендірілген контент арқылы туристер ағынын одан әрі арттыруға жол ашады.
«Қазақстан туралы бейнероликтер Қытайдың цифрлық платформаларында 5 миллиардтан астам қаралым жинады. Бұл – өте жақсы нәтиже. Біз жылына шамамен 1 миллион турист тартуды жоспарлап отырмыз. Олардың Қазақстанға сапарларынан 2–3 миллиард АҚШ долларына дейін кірісті қалыптстыруға ниеттіміз. Басты мақсатымыз – технологияларды пайдалана отырып, Қытай туристерінің Қазақстанға саяхатын барынша ыңғайлы ету» Zowoyoo компаниясының өкілі Фу Сюэцзя
Атап өткен жөн, биыл Zowoyoo компаниясы Орталық Азиядағы алғашқы кеңсесін Алматы қаласында ашты. Бұл туристік контентті қытай тіліне бейімдеу және тарату саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге жасалған маңызды қадамға айналды.