«Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы алғаш рет Қазанда сахналанады

1199
Фотосурет: Gov

2025 жылдың 26 тамызында Татарстан Республикасының Мұса Жәлел атындағы Татар академиялық мемлекеттік опера және балет театрында, гастрольдік сапар аясында, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының халықаралық премьерасын ұсынады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Гастрольдік сапар Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Татарстан Республикасының Мәдениет министрлігі мен Татарстан Республикасының Бас консулдығының қолдауымен жүзеге асуда.

Аталмыш опера Алтын Орданың құрылу тарихын баяндайды. Басты кейіпкер – Хан Сұлтан, Алтын Орданың көрнекті тұлғаларының бірі, Берке ханның анасы, Жошы ханның үшінші әйелі. Өзінің ақыл-парасаты, мінезі мен саяси көрегендігінің арқасында Хан Сұлтан Алтын Орда тарихында ерекше орын алып, өз ұлдарын Жошы ұлысының белді тұлғаларының қатарына қосты.

Алтын Орданың мұрасы – түркі халықтарын біріктіретін рухани қазына. Сол себепті бұл операны сахналауға түркітілдес елдердің ғылыми орталықтары мен ғалымдары елеулі үлес қосты. Ғылыми кеңесші ретінде Алтын Орда және түркология тарихын зерттеуші ғалымдар тартылды. Ал тарихи оқиғаның желісін сақтау үшін Қазақстан, Татарстан, Түркия елдерінен мамандар шақырылды.

2024 жылдың қараша және желтоқсан айларында «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Ыстанбұл қаласы, Ататүрік мәдениет орталығында аншлагпен сахналап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Бұл қойылым түркі әлемінің мәдени мұрасын көпшілікке паш етіп, елдер арасындағы рухани, мәдени байланыстарды күшейтері сөзсіз.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -