ҚМГ және CNOOC ынтымақтастықты тереңдетуде, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бейжіңде (ҚХР) «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов China National Offshore Oil Corporation (CNOOC) төрағасы Чжан Чуаньцзянмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар «Жылыой» жобасын бірлесіп іске асыру мәселесін талқылады. Бұдан бұрын Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінің транзит аймағында орналасқан «Жылыой» учаскесіндегі күрделі жоба аясында көмірсутектерді барлау мен өндіру жөніндегі келісімшартқа қол қойылған болатын. Көмірсутекті іздеу кезеңінде құйылатын инвестицияның ең аз мөлшері $31,5 млн құрайды. Қазіргі уақытта жоба операторы — «Zhylyoi Operating» ЖШС құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Қытайдың ірі CNOOC компаниясы Қазақстанға алғаш рет инвестиция құйып отыр. Серіктестік «Жылыой» геологиялық барлау жобасын 50/50 тепе-тең талаптармен бірлесіп іске асыруды көздейді. Барлау кезеңін CNOOC қаржыландыратын болады. «Жылыой» жобасы бойынша жоспарланған геологиялық барлау жұмыстарының минималды бағдарламасы мыналарды қамтиды:
- 3D сейсмикалық барлау (дала жұмыстары, 400 шаршы км деректерін өңдеу және талдау)
- 2D 400 бойлық км тарихи деректерді қайта өңдеу
- 2000 м тереңдікте бір тұзүсті барлау ұңғымасын бұрғылау (тәуелсіз кезең)
- 3D сейсмикалық барлау деректерінің нәтижелеріне қарай тереңдігі 4 500 м бір тұзасты барлау ұңғымасын (тәуелді кезең) бұрғылау.
Айта кетсек, ҚМГ мен CNOOC компанияларының серіктестігі жаңа деңгейге шықты. Компаниялар арасында стратегиялық халықаралық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойылды. Құжат Қазақстан мен Қытайдан тыс жерде геологиялық барлау және көмірсутек кен орындарын игеру жобаларын іздеуге қатысты бірлескен жұмысты көздейді.
CNOOC (China National Offshore Oil Corporation) — барлау мен өндіруге маманданған мұнай-газ саласындағы әлемдік көшбасшы компаниялардың бірі. Ол халықаралық серіктестермен жан-жақты байланыс орнатқан және 20-дан астам елде ірі жобаларды іске асыруға қатысады.