Алматыда Space Days Kazakhstan – 2025 халықаралық форумы басталып, әлемдік аэроғарыш саласының болашағын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Форумға жетекші сарапшылар, халықаралық ғарыш агенттіктерінің өкілдері, ғылыми қауым және индустрия мамандары жиналды.
Форумның бірінші күні ICESCO-ның CanSat үлгілік жерсеріктері бойынша IV Халықаралық оқу семинары мен аэроғарыштық симпозиумы өтті. Семинарға ірі шетелдік компаниялардың, ғылыми орталықтардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері болып табылатын ғарыштық технологиялар мен спутниктік байланыс саласындағы 15-тен астам жетекші маман қатысты.
Форум аясында жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда студенттер мен жас мамандар ғарыш саласындағы жетекші ұйымдардың өкілдерімен тікелей сөйлесіп, жоғары технологиялар мен ғылым саласындағы мансаптық мүмкіндіктер туралы ақпарат алды. Жәрмеңкеге «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ, «Республикалық ғарыш байланысы орталығы» АҚ, «Бәйтерек» БҰ» АҚ, «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялардың ұлттық орталығы» АҚ, В. Г. Фесенков атындағы астрофизика институты, Ионосфера институты, «Ghalam» ЖШС сияқты ірі ұйымдар қатысты.
Маңызды оқиғалардың бірі ҚР Халық Қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаевтың құрметіне арналған фотокөрменің ресми ашылуы болды. Көрмеде аңызға айналған ғарышкердің фотосуреттері, оның ғарыштағы қызметінің бірегей кадрлары, сондай-ақ өмірі мен кәсіби жолы туралы бейнефильм ұсынылды. Іс-шараға жұбайы Виктория, балалары мен немерелері, Мұсабаевтар отбасының туыстары мен әріптестері, сондай-ақ Ресей мен Моңғолиядан келген ғарышкерлер қатысып, Талғат Амангелдіұлы туралы естеліктерімен бөлісті.
Сонымен қатар, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ халықаралық және отандық жетекші серіктестермен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Олардың қатарында сингапурлық «ORBVIEW PTE. LTD» компаниясы, оңтүстіккореялық «Nara Space» компаниясы және қазақстандық «New ServiceArt» ЖШС бар.
Форум аясында 10-нан астам воркшоп пен дөңгелек үстел өткізіліп, ғарыштық технологиялар мен байланыс саласындағы 50-ден астам жетекші сарапшы өз пікірлерімен бөлісті. Білім беру саласындағы заманауи тәсілдер, ғарыш жобалары, ғарыштық ауа райының технологиялық инфрақұрылымға әсері, спутниктік деректерді пайдалану, халықаралық ынтымақтастық және басқа да өзекті тақырыптар талқыланды.
Space Days Kazakhstan - 2025 форумының бірінші күні ғылым, білім және инновациялар саласында бірлескен шешімдер іздеуге қатысушылардың жоғары қызығушылығын көрсетті. Форум Қазақстанның халықаралық ғарыш аренасындағы позициясын нығайту жолындағы маңызды қадам болып, болашақтағы ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашады.