Қазақстан СІМ басшысы Пәкістан Президентінің қабылдауында болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Исламабадқа ресми сапары барысында Пәкістан Ислам Республикасының Президенті Асиф Али Зардаридің қабылдануында болды.
Сұхбат барысында А.Зардари соңғы жылдары қол жеткізілген екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін қанағаттанушылықпен атап өтіп, өзара тиімді серіктестікті нығайту мақсатында жан-жақты кооперацияны одан әрі ілгерілетудің маңыздылығына тоқталды.
Өз кезегінде М.Нұртілеу Астананың Исламабадпен жан-жақты байланыстарды нығайтуға нық ниетін растап, екіжақты диалогты тереңдетуге ықпал ететін әлеуетті жобалар туралы хабардар етті.
«Қазіргі таңда елдеріміз арасындағы сауда-инвестициялық қатынастарда оң үрдістерді байқап отырмыз. Қазақстан Пәкістанмен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі» Қазақстан СІМ басшысы
Бұл тұрғыда тараптар көлік-логистикалық байланыстарды дамытуды қоса алғанда сауда-экономикалық ынтымақтастықты ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.
Екіжақты білім беру бастамаларын қолдау арқылы екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуды қоса алғанда, мәдени-гуманитарлық қатынастарды үдемелі дамытуға ерекше назар аударылды.