Конго Демократиялық Республикасы – Қазақстанның Африкадағы маңызды әріптесі

1452
Фотосурет: Ақорда

Қазақстан мен Конго Демократиялық Республикасының президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Феликс Чисекеди келіссөзді екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғастырды.

Мемлекет басшысы Конго Демократиялық Республикасы Президентінің елімізге алғашқы сапарын тарихи сәт ретінде атап өтіп, оның Астанаға үлкен делегациямен келуін қазақ халқына көрсеткен зор құрмет деп бағалады.

"Дипломатиялық қатынастардың орнағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан өзара сенім мен достыққа негізделген ынтымақтастық дамып келеді. Бүгінгі келіссөздер Астана мен Киншаса арасындағы байланысты жаңа белеске көтереді, тиімді әріптестік орнатуға мүмкіндік береді. Конго Демократиялық Республикасы – Қазақстанның Африкадағы маңызды серіктесі. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың келешегі зор деп ойлаймын" Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы бүгінгі уағдаластықтар мен қол қойылған құжаттар өзара тиімді ықпалдастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар серіктестіктің қарқынын өз деңгейінде сақтау үшін екі елдің сыртқы саясат ведомстволары арасындағы тұрақты әрі іскерлік байланысты жандандыруға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сауда-экономикалық ынтымақтастық екіжақты күн тәртібінің басым бағыты болуы керек. Президент Қазақстан мен Конго Демократиялық Республикасының табиғи ресурстарға бай әрі экономикалық мүмкіндігі мол екеніне назар аударып, екі ел өзара тиімді жобаларды іске асыруда сенімді серіктес бола алатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы аса маңызды шикізат материалдары саласындағы КДР-дың әлеуетіне жоғары баға беріп, бұл елдің бірегей табиғи ресурстары жаһандық жеткізу тізбегінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Әлемдегі кобальт өндірісінің 76 пайызы, мыстың 14 пайызы, қалайының 8,3 пайызы, танталдың 42 пайызы, колтанның 40 пайызы Конго Демократиялық Республикасына тиесілі. Сонымен қатар жоғары технологиялық салаларға қажетті басқа да стратегиялық минералдардың мол қоры бар.

Президент Конго басшылығының қолдауымен қазақстандық ERG компаниясы аталған елде табысты жұмыс істеп жатқанын айтты.

Феликс Чисекеди Конгоның өзара ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін жеткізді.

"Біздің мемлекеттеріміз географиялық тұрғыдан бір-бірінен алшақ орналасса да, халықтарымызды егемендік пен территориялық тұтастықты құрметтеу, диалог арқылы бейбітшілікке үндеу секілді ортақ құндылықтар біріктіреді. Конго Демократиялық Республикасы халықаралық қоғамдастықтың, соның ішінде Қазақстанның ең қиын сәттерде көрсеткен қолдауын ешқашан ұмытпайды. Қазақстан БҰҰ аясындағы белсенді ұстанымымен Конго халқына жанашыр екенін дәлелдеді. Сондықтан Сізге шынайы ризашылығымызды білдіруге рұқсат етіңіз"  КДР Президенті

Феликс Чисекедидің айтуынша, Қазақстан ядролық қарудан бас тарту және бейбітшілікті сақтау үшін дәйекті диалогты ілгерілету арқылы қауіпсіздік пен дамудың өте маңызды екенін көрсетті. Бұл – әлем жұртшылығына үлгі.

Келіссөз барысында екіжақты сауданы дамыту, көлік-логистика, тау-кен, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар, цифрландыру салаларындағы ықпалдастық мәселелеріне баса мән берілді.

Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Конго Демократиялық Республикасының Президенті Феликс Чисекеди Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Бұдан бөлек дипломатиялық консультацияға, тау-кен және геология саласындағы ынтымақтастыққа қатысты ведомствоаралық құжаттарға қол қойылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -