Француздар Сена жағалауында алғаш рет қазақтың ұлттық тағамдарын татты

1188
Фотосурет: Gov

Қазақстанның Франциядағы Елшілігі Жамбыл облысы әкімдігінің, «Lactalis-Kazakhstan» компаниясының және ұлттық тағамдар мейрамханасы «Sandyq»-тың қолдауымен еліміздің мәдениеті мен гастрономиясын алғаш рет Сена өзенінің жағалауында, Эйфель мұнарасының түбінде өткен Халықаралық гастрономиялық фестивальде ұсынды, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Қазақстан» павильоны қонақтарды халқымыздың бай мәдениеті мен аспаздық дәстүрлерімен таныстыратын алаңға айналды. Мұнда келушілер «Sandyq» мейрамханасының бас аспаздары әзірлеген дәстүрлі қазақ тағамдарынан дәм татып, Жамбыл облысының кәсіпорындары мен қолөнершілерінің өнімдерімен танысты.

«Sandyq» мейрамханасының бас аспазшысы Расим Қонаев қазақтың басты ұлттық тағамы – «Қазақша ет» (бесбармақ) дайындау бойынша шеберлік сабағын өткізіп, тағамның қазақ тарихы мен мәдениетіндегі ерекше орны туралы айтып берді. Француз кәсіби аспаздары мен фестиваль қонақтары тағамның әзірлену барысын қызығушылықпен тамашалап, әзірленген астан дәм татты.

«Le Cordon Bleu» аспаздық мектебінің түлегі Сабина Танатарова дайындаған «Қазақ киіз үйі» атты авторлық десерт те фестиваль қонақтарының ерекше ықыласына бөленді.

Сондай-ақ әйгілі «Тараз» триосы мен К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармония әртістері халық әндерін әуелете орындап, қазақ мәдениетін паш етумен қатар, халықаралық меймандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Фестиваль шеңберінде «Aigul Line» сән үйі ұлттық нақыш пен заманауи үрдістерді үйлестірген киімдер топтамасын ұсынып, көрермендердің жоғары бағасын алды.

Осылайша, еліміздің ұлттық тағамдары мен өңірлік өнімдері, музыкасы, сәні және өнері Париждің төрінде өткен Халықаралық гастрономиялық фестивальде кеңінен таныстырылды.

Франция Президентінің қолдауымен өтіп жатқан VII Халықаралық гастрономиялық фестивальге әлемнің 63 мемлекеті қатысты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -