Қазақстан Республикасы ТЖМ делегациясы 2025 жылдың 17-19 қыркүйегі аралығында Қытай Халық Республикасының Наньнин қаласында өтетін халықаралық авариялық-құтқару жаттығуларына қатысуда. Іс-шараның ұйымдастырушысы – Қытай Халық Республикасының Гуанси провинциясының Өрт-құтқару қызметі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға халықты және аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау саласындағы жетекші мамандар мен сарапшылар, сондай-ақ тиімді ден қоюға арналған заманауи технологияларды әзірлейтін ұйымдардың өкілдері жиналды.
Оқу-жаттығудың маңызды бөлігінің бірі – жасанды интеллектіні қолданатын заманауи өрт-құтқару технологияларына арналған халықаралық көрме болды. Көрмеде ұсынылған шешімдер арасында зардап шеккендерді іздеу мен құтқаруға арналған автономды жүйелер, табиғи апаттарды талдау және болжау жүйелері, сондай-ақ түрлі құтқару және мемлекеттік құрылымдар арасындағы іс-қимылдарды үйлестіруге арналған инновациялық телекоммуникациялық құралдар болды. Жасанды интеллект және машинамен оқыту технологиялары деректерді оқиға орнынан нақты уақытта талдап, жағдайдың дамуын болжауға және құтқару командаларының өзара әрекеттесуін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Іс-шара «Бір белдеу – бір жол» халықаралық ынтымақтастық бастамасы аясында өтуде, бұл елдер арасындағы табиғи апаттар тәуекелдерін азайту және төтенше жағдайларды басқарудың тиімділігін арттыру бағытындағы өзара әрекеттестікті нығайтуға мүмкіндік береді. Осы бастама аясында мемлекеттер белсенді түрде тәжірибе алмасып, жаңа тәсілдер мен технологияларды зерттеп, дағдарыс жағдайларында ден қою механизмдерін жақсартуда бірлесіп жұмыс істейді.
Оқу-жаттығудың қатысушылары халықты қорғау деңгейін арттыру, табиғи және техногендік апаттардан болатын залалдарды азайтуға инновациялық шешімдерді қолданудың болашағын талқылап, озық тәжірибелермен танысуға ерекше мүмкіндік алды.
Жасанды интеллект сияқты технологияларды енгізу құтқару қызметтерінің жеделдігі мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ дағдарыс жағдайларында азаматтарды қорғау деңгейін жоғарылатуға маңызды қадам болып табылады.