ҰТК директорлар кеңесі жаңарды: Қазақстанның төлем нарығында қандай өзгерістер күтіледі

2871
Арман Қоржымбаев Бас редактор

Ұлттық төлем корпорациясы Директорлар кеңесінің құрамын жаңартып, цифрлық трансформация мен инновацияларға бағытталған стратегиялық бағытын күшейтті. Кеңестің жұмысына жаңа мүшелер – Ерлан Ашықбеков пен Асқар Жамбакин қосылды. Бұл қадам Қазақстанның ұлттық төлем инфрақұрылымын жаңа технологиялық деңгейге көтеруге бағытталған, деп хабарлайды DKNews.kz.

Экономиканың қарқынды цифрлануы жағдайында төлем жүйелерінің жылдамдығы, қауіпсіздігі мен қолжетімділігі басты талапқа айналып отыр. Осыған байланысты Ұлттық төлем корпорациясының жаңартылған Директорлар кеңесі заманауи төлем технологияларын енгізуге, цифрлық сервистерді дамытуға, клиенттерді алаяқтықтан қорғауға және халық пен бизнес үшін қолма-қол ақшасыз есеп айырысу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аудармақ.

Директорлар кеңесінің Төрағасы Бинур Жаленовтің айтуынша, негізгі мақсат – болашақтың сын-тегеуріндеріне дайын, сенімді және технологиялық төлем экожүйесін қалыптастыру.

«Біздің мақсатымыз – ел экономикасының дамуын қолдайтын, болашақтың талаптарына жауап бере алатын қолжетімді әрі заманауи төлем инфрақұрылымын құру. Біз инновацияларға, соның ішінде жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізуге, интеллектуалды басқару жүйелері мен төлем қауіпсіздігін дамытуға басымдық береміз. Сондықтан Директорлар кеңесіне нарықты терең түсінетін және күрделі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда мол тәжірибесі бар сарапшылар тартылды», – деді ол.

Өз кезегінде Ұлттық төлем корпорациясының Басқарма Төрағасы Жанар Самаева жаңартылған құрамның нарықпен өзара байланысқа жаңа серпін беретінін атап өтті.

«Қаржы нарығының қатысушыларымен, сыртқы сарапшылармен және контрагенттермен ашық әрі кәсіби диалог – біз үшін аса маңызды. Жаңартылған Директорлар кеңесі осы өзара іс-қимылды күшейтіп, төлем инфрақұрылымын дамытуда кешенді әрі тиімді тәсілді қамтамасыз етеді», – деді ол.

Жаңа мүшелер кімдер?

Ерлан Ашықбеков – төлем жүйелері мен қаржы технологиялары саласындағы жетекші мамандардың бірі. Ол төлем инфрақұрылымын дамыту, цифрлық сервистерді енгізу және қолма-қол ақшасыз операциялардың қауіпсіздігін арттыру бағытында үлкен тәжірибеге ие. Банкаралық өзара іс-қимыл мен төлем тетіктерін жетілдірудегі білімі нарықта жаңа стандарттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Асқар Жамбакин – мемлекеттік және корпоративтік секторларда, сондай-ақ ірі компаниялардың стратегиялық дамуында көп жылдық тәжірибесі бар басқарушы. Ол бизнес-процестердің тиімділігін арттыру, тұрақты өсім мен цифрлық инновацияларды енгізу саласына маманданған. Оның Директорлар кеңесіндегі жұмысы корпоративтік басқаруды нығайтып, цифрландыру бағытындағы ұзақ мерзімді бастамаларды іске асыруға ықпал етпек.

Сонымен қатар, Директорлар кеңесінің құрамында Асқар Смағұлов жұмысын жалғастырады. Ол қаржы нарығындағы ұйымдарда корпоративтік басқару мен ұзақ мерзімді өсу стратегияларын қалыптастыруда мол тәжірибеге ие. Инвестициялық қызмет пен ауқымды активтерді басқару саласындағы білімі ҰТК-ның тұрақты дамуына үлес қоса береді.

Алдағы басымдықтар

Жаңартылған Директорлар кеңесі Ұлттық төлем корпорациясының Қазақстан қаржы нарығындағы рөлін одан әрі күшейтуді көздейді. Басым бағыттардың қатарында – цифрлық төлем сервистерін кеңейту, қауіпсіздік деңгейін арттыру және клиентке бағдарланған технологиялық шешімдерді дамыту бар.

Сондай-ақ Ұлттық төлем корпорациясы Директорлар кеңесінің құрамынан кеткен Петр Трабинский мен Кит Гейбелге кәсіби әрі жауапты еңбегі үшін алғыс білдіріп, олардың алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Ұлттық төлем корпорациясының қызметі мен Директорлар кеңесінің мүшелері туралы толық ақпаратты корпорацияның ресми сайтынан білуге болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -