Қазақстан Аймақ атынан Дүниежүзілік пошта одағының Почталық операциялар кеңесіне мүше болды

1155
Фотосурет: rcc.org.ru

Қазақстан Дүниежүзілік пошта одағының Пошталық операциялар кеңесіне мүше болды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Дүниежүзілік пошта одағының* (ДПО) 28-ші Конгресі аясында, Дубай қаласында өткен сайлау нәтижесінде Қазақстан Пошталық операциялар кеңесіне мүше болып сайланды.

Дауыс беру қорытындысы бойынша еліміз 110 дауыс жинап, Шығыс Еуропа мен Солтүстік Азия өңірінен сайланған алты мемлекеттің қатарына енді. Қазақстанмен бірге Кеңеске Болгария, Польша, Сербия, Украина және Әзербайжан кірді.

Пошталық операциялар кеңесі – ДПО-ның негізгі құрылымдарының бірі. Ол халықаралық пошта стандарттарын әзірлеу мен енгізуге, электрондық сауданың трансшекаралық ағымдарын дамытуға, цифрландыруға және жаһандық пошта логистикасының сапасын арттыруға жауапты.

Қазақстанның осы Кеңеске сайлануы – елімізге деген әлемдік қауымдастықтың жоғары сенімін білдіреді. Бұл қадам еліміздің жаһандық пошта күн тәртібін қалыптастырудағы рөлін күшейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Қазақстан алдағы уақытта осы алаңды заманауи цифрлық шешімдерді ілгерілетуге, трансұлттық электрондық коммерцияны дамытуға, пошта қызметтерінің тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ өңірлік және халықаралық әріптестікті нығайтуға белсенді пайдалануды көздеп отыр.

Дүниежүзілік пошта одағы (Universal Postal Union) – 1874 жылы құрылған пошта саласындағы ең көне әрі ірі халықаралық ұйым. 1948 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі болып табылады. Бүгінде оған 192 мемлекет мүше, бұл ұйымды пошта алмасудың ғаламдық стандарттары мен қағидаларын қалыптастыратын маңызды халықаралық алаңға айналдырады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -