Мемлекет басшысының Нью-Йорктегі американдық бизнес өкілдерімен кездесулері шеңберінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Pfizer, General Electric және басқа да корпорацияларды қоса алғанда, жетекші әлемдік компаниялардың басшыларымен келіссөздерге қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Талқылаудың басты тақырыбы денсаулық сақтау саласына халықаралық тәжірибе мен инвестицияларды тарту, сондай-ақ Қазақстанның медицина саласын жаңғыртудың негізгі бағыттары бойынша әріптестікті дамыту болды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюгемен келіссөздер барысында құрылған елдердің медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) коалициясы шеңберінде ынтымақтастықты күшейту және ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне үздік әлемдік практикаларды енгізу туралы маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Қазақстан Президентінің Коалиция құру жөніндегі бастамасын іске асыру аясында Хатшылықтың жұмысын ұйымдастыру мәселесі талқылануда. Осыған байланысты халықаралық сарапшылардың, мамандардың және жастардың қатысуымен Жұмыс тобын құру ұсынылды.
Тараптар климаттық өзгерістердің халық денсаулығына, оның ішінде Арал теңізінің экологиялық апатына байланысты әсер ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Арал теңізінің жойылып кетуінің адамдардың денсаулығы мен өңірдің экологиясына әсерін кешенді бағалауды жүргізу туралы келісімге қол жеткізілді. Осыған байланысты Қазақстан, Өзбекстан және ДДҰ Денсаулық сақтау министрліктерінің арасындағы үшжақты Меморандум жобасымен жұмыс жүргізілуде.
Сондай-ақ, Қызылорда қаласында Арал теңізі мәселелері бойынша ДДҰ-ның өңірлік кеңсесін ашу туралы бастама көтерілді. БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың қолдауымен өңірде көгалдандыруды, суару жүйелерін қалпына келтіруді және ауыз судың сапасын жақсартуды қоса алғанда, экожүйені қалпына келтіру жөніндегі шаралар кешені іске асырылуда.
Бұдан басқа, ДДҰ-ның Туберкулез мәселелері жөніндегі бөлімшесін Копенгагеннен Алматыға Инфекциялық аурулар ұлттық ғылыми зерттеу орталығының базасында ауыстыру жоспарлануда.
Көтерілген бастамалар Қазақстанның денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау жүйесін тұрақты дамытуға, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, инновацияларды енгізуге және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ұмтылысын көрсетеді.