Президенттік орталықта «Экология қазақстандықтардың көзімен» зерттеу нәтижелерінің таныстырылымы өтті, іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» акциясына арналды, деп хабарлайды DKNews.kz.
ҚР ПІБ Президенттік орталығында республикалық «Таза Қазақстан» акциясы мен Таза ауа күніне орай және БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 30-сессиясы қарсаңында «Экология қазақстандықтардың көзімен» зерттеу нәтижелерінің таныстырылымы мен «Климат: кері есеп» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Аталған іс-шаралар БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілдігімен бірлесе ұйымдастырылды. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, шетелдік дипломатиялық миссиялардың, БАҚ-тың, сараптамалық қауымдастықтың, отандық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамының және студенттердің қатарынан шамамен 60 адам қатысты.
«Бүгін ұсынылған «Экология қазақстандықтардың көзімен» зерттеуінің нәтижелері тек негізгі экологиялық мәселелер бойынша қоғамдық пікірді бейнелеп қана қоймай, сонымен қатар тиімді және уақытылы шараларды қалыптастыруға негіз болып табылады. Әсіресе, бүкілхалықтық «Таза Қазақстан» науқаны арқылы еліміздің экологиялық міндеттерді шешудегі елеулі үлесін ерекше атап өткім келеді. Бұл бастама қоршаған ортаға қамқорлық тек мемлекеттің міндеті ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін айқын көрсетіп отыр. Қазіргі таңда экологиялық күн тәртібі алдыңғы қатарға шығып, тұрақты болашаққа ұмтылыста мемлекеттердің күш-жігерін біріктіруде. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың биылғы 24 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен жариялаған бастамалары ерекше мәнге ие. Президентіміз Астана қаласында өңірлік экологиялық саммит өткізу, сондай-ақ 22 сәуірді Халықаралық көгалдандыру күні ретінде белгілеу сынды нақты әрі уақытылы ұсыныстар айтты. Бұл бастамалар Қазақстанның жаһандық диалогқа берік бейілділігін көрсетіп қана қоймай, еліміздің қазіргі заманғы экологиялық мәселелерді шешудегі белсенді рөлін де айқындайды» ҚР Президенттік орталығы директорының орынбасары Серік Сыдыков
«Климат: кері есеп» конкурсына 50-ге жуық жұмыс қабылданды. Қазылар алқасының іріктеуінен кейін марапаттау рәсімінде баспа БАҚ журналистерінің климаттың өзгеруі мен биологиялық әртүрліліктің жойылуының салдары, сондай-ақ Қазақстандағы олардың салдарын бейімдеу және жұмсарту мүмкіндіктері туралы қоғамның хабардарлығын арттыруға қосқан үлесін бейнелейтін үздік жұмыстар ұсынылды.
«Бүгінгі іс-шара бұқаралық ақпарат құралдарының климат тақырыбын барлық әлеуметтік топтарға таратудағы, экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы және қоғамды климатқа төзімді экономика мен қоғам құруға шабыттандырудағы аса маңызды рөлін мойындауға бағытталған. Экологиялық сауаттылық деңгейін арттыру мен медиа-материалдардың сапасын жақсарту – экологиялық қатерлерге кешенді жауап берудің ажырамас бөлігі болып табылады» Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа
«Бұқаралық ақпарат құралдары ортақ мақсат төңірегінде бізді біріктіретін негізгі тетік болып табылады. Қазіргі уақытта «қалаушылар коалициясын» құрып, қауіпсіздікті және ортақ үйіміздің тұрақтылығын қамтамасыз ететін саясаттарды ұсыну және жүзеге асыру бұрынғыдан да маңызды» Қазақстан Республикасындағы Бразилия Федеративтік Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Марсель Биато
Аталған жоба Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан республикалық «Таза Қазақстан» акциясымен үндесіп, экологиялық күн тәртібін және тұрақты даму қағидаттарын іске асыруда мемлекет пен қоғам күш-жігерін біріктіруге бағытталғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар ол климат тақырыбын жариялаудағы, экологиялық сананы қалыптастырудағы және қоғамды климатқа төзімді болашаққа көшуге ынталандырудағы БАҚ-тың маңызды рөлін көрсетеді.
Өз кезегінде ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев журналистер еңбегінің орасан зор маңызға ие екенін атап өтті: дәл солардың арқасында климаттың өзгеруі мен экологиялық тұрақтылық мәселелері қоғамға жақын әрі түсінікті болып, экологиялық мәдениет пен нақты әрекеттерге ынталандыру қалыптасады. Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдары экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етіп, адамдарды өмір салтын өзгертуге ынталандырып, нақты әрекеттерге шабыттандыруда.
Іс-шара соңында конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Сонымен, «Климат» номинациясында I орынды Оразай Қыдырбаев иеленді, II орынды Жадра Жұлмухаметова мен Әнеля Өсерхан бөлісті, ал III орын Жанат Түкпиев пен Динара Насырға берілді. «Биоәртүрлілік» номинациясының жеңімпазы болып Бекзат Айтжан танылды.