Түркістанда Кореяның жетекші университеті филиалы ашылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Түркістан қаласында «Woosong University Kazakhstan» корей университетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа жоғары оқу орнының ашылуы – Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы білім және ғылым саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты тереңдету жолындағы маңызды қадам.
Ашылу салтанатына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжо Тэ Ик, ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, сондай-ақ «Вусонг білім қорының» құрметті төрағасы және басқарма мүшесі Ким Сон Кёнг мырза қатысты.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Кошербаев өз сөзінде филиалдың ашылуының тарихи маңыздылығына тоқталды.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта түрлі форматта 40 стратегиялық әріптестік жүзеге асырылды, оның 33-і – шетелдік университеттер филиалдары. Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз – рухани бай әрі көне Түркістан қаласында Корея Республикасының жетекші университетінің филиалы ашылды. Бұл жоғары оқу орны жай ғана білім беру алаңы емес, халықаралық ынтымақтастық пен инновациялар орталығы және еліміздің зияткерлік капиталын қалыптастыратын жоғары білікті мамандар даярлайтын ортаға айналады» Ермек Кошербаев
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші білім беру хабына айналдыруға бағытталған жобалардың маңыздылығын атап өтті. Елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу осы стратегиялық мақсатқа жетудің маңызды бөлігі екенін айтты. Жаңа оқу жылында есігін айқара ашқан «Woosong University Kazakhstan» – табысты серіктестіктің жарқын үлгісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет халықаралық білім беру ынтымақтастығын дамыту, шетелдік университет филиалдарын ашу және студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп отыр. Мәселен, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде SeoulTech-пен бірлесіп Жасанды интеллект институты ашылды.
Бүгінде Қазақстан тарапы SeoulTech, Woosong, Dong-Eui, KAIST сияқты жетекші кореялық университеттермен тығыз ынтымақтастық орнатып, елімізде алғашқы шетелдік филиалдар мен ғылыми-зерттеу орталықтарын ашып, қос дипломды бағдарламалар мен академиялық алмасу жобаларын жүзеге асырып жатыр.
Іс-шара барысында «Woosong University Kazakhstan» директоры Хва Чон Ён университеттің миссиясы, негізгі білім беру бағдарламалары, ғылыми бағыттары және халықаралық серіктестік туралы кеңінен баяндады.
Құрметті қонақтар «Тілектер кітабына» қол қойып, жаңа оқу орнының цифрлық кітапханасы, оқу залдары мен заманауи дәрісханаларымен танысты. Сондай-ақ студенттермен кездесіп, олардың алғашқы оқу күндеріне сәттілік тіледі.