«Астана Балет» театры Оңтүстік Кореяда өткен Cheonan World Dance Festival 2025 дүниежүзілік би фестивалінде күміс жүлдені қанжығасына байлады, деп хабарлайды DKNews.kz.
24-28 қыркүйек аралығында Чхонан әлемдік би астанасына айналды. 61 елден 4000 қатысушы мен көрермен бір фестивальде бас қосып, өз елдерінің бірегей дәстүрі мен мәдени мұрасын паш етті. Осы сан-алуан шығармашылық ұжымдардың ішінде біздің еліміз «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасын көрсетіп, қазылар алқасы мен көрермен қауымның жүрегін баурап алып, фестивальдің күміс жүлдесінің иегері атанды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти шығарған хореография өнерінің жауһары қазақ мәдениетінің байлығын барынша бейнелей алды. Әсем костюмдермен толықтырылған лирикалық әрі философиялық композициялар, жігерлі миниатюралар мен экспрессивті бейнелер сахнада Ұлы Даланың сұлулығы туралы нағыз пластикалық эпос іспетті әсер етті.
«Біз үшін бұл өте маңызды оқиға. Біз Қазақстанды әлемдік аренада паш етіп, мыңдаған көрерменге би тілі арқылы жанымыздың сұлулығын жеткізе алдық. «Ұлы Дала мұрасы» қазақ болмысының кеңдігін, философиясын, бейбітсүйгіштігі мен ішкі үйлесімін паш еткендей. Біз мұны қазақ хореографиясын өзге ұлттық мектептерден даралап тұратын ерекше грация – қол пластикасы арқылы жарық сәуле мен мәдениетті айқара ашатын бойжеткендеріміздің қимылы арқылы жеткізуге тырыстық. Әр би салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызға негізделген, әр композиция қазақ қызына тән көркем мінезбен өрілген. Музыка да маңызды рөл атқарады – әуезді, бірегей әуен ырғағымен эстетикасы биік хореография өрнегі өрілген. Біздің дизайнер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүслім Жұмағалиевке 10 жылдан астам уақыт театрмен ынтымақтасып, әр қойылым үшін бірегей костюмдер жасап келе жатқаны үшін алғысымызды білдіреміз. Біз фестивальге қатысу, бір жағынан көңіл сарайымызды ашып, екіншіден, әлемдік аренада Қазақстан мәдениетін паш еткеніміз де зор мәртебе», – деп атап өтті Айгүл Тәти.
Cheonan World Dance Festival 2025 қатысу мәдени диалогты нығайтудағы маңызды қадам ғана емес, сонымен қатар тарихи жетістік. Қазақстандық ұжымдар бұған дейін осы фестивальге қатысқанымен, жүлделі орынға алғаш рет ие болды. Қазақстанның халық хореографиясы әлемдегі ең мықты мектептер арасынан да күмісті иеленді. Бұл байқауда халық биінің бай тарихы мен дәстүрі бар – Қытай, Үндістан, Мексика, Оңтүстік Корея, Словакия, Польша, Малайзия сынды, халық хореорафиясы мәдени болмыстың діңгегіне айналған өзге де елдердің ұжымдары өнер көрсетті.
«Астана Балет» театры бидің тілі әмбебап, ал қазақ өнері шынымен әлемдік деңгейде екенін дәлелдеді. Қазақстан – әлемдік сахнаның төрінде.