Қазақстан мен Бельгия арасындағы парламентаралық ынтымақтастыққа жаңа серпін берілмек, деп хабарлайды DKNews.kz.
Брюссельдегі Ұлт сарайында Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Роман Василенко Бельгия Федералдық Парламенті Өкілдер палатасының Төрағасы Петер Де Ровермен кездесті.
Тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы саяси диалог пен сенімді нығайтудың маңызды арнасы ретінде парламентаралық өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады. Депутаттар мен бейінді парламенттік комитеттер арасындағы тұрақты байланыстардың, сондай-ақ достық топтарының қызметін жандандырудың маңыздылығы аталып өтті.
Р. Василенко әріптесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған негізгі басымдықтар туралы хабардар етті. Әсіресе, 2019-2021 жылдардағы төрт демократиялық реформалар топтамасының және 2022 жылғы конституциялық реформаның қисынды жалғасы болып табылатын парламенттік реформа бастамасына ерекше назар аударылды.
«Ұсынылып отырған парламенттік реформа – бұл қоғамның тұрақты сұранысына жауап. Бір палаталы парламент құру идеясы Қазақстанда 20 жылдан астам уақыттан бері талқыланып келеді. Бұл Президент Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға бағытталған көзқарасының тиімділігін және тереңдігін дәлелдейді» Роман Василенко
Ол сондай-ақ реформалар мәселесі бойынша ұлттық референдум өткізу мемлекет басшысының ұстанымының өзгермейтінін көрсететінін атап өтті: ел болашағына қатысты маңызды мәселелер бойынша шешімдер қоғамда кеңінен талқыланып, консенсус жағдайында қабылдануы тиіс.
«Бір палаталы парламент құру заң шығару процесін азаматтарға неғұрлым ашық әрі түсінікті етеді, мемлекеттік институттарға деген сенімді күшейтеді және демократиялық жүйенің тұрақтылығын арттырады» Роман Василенко
Бельгия Өкілдер палатасының Төрағасы Петер Де Ровер Қазақстандағы саяси және институционалдық өзгерістерді жоғары бағалап, елдің демократиялануға, орнықты дамуға және құқық үстемдігін нығайтуға ұмтылысын қолдайтынын білдірді. Ол Сенатты жою жөніндегі осындай үдеріс Бельгия сияқты Федеративті мемлекетте де басталғанын, онда тікелей сайланатын бір палата барлық сайлаушылар мен аймақтардың мүдделерін білдіруге қабілетті деп есептелетінін атап өтті.
«Біздің елдер арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты жандандыруды қолдаймыз. Бұл өзара түсіністікті жақсартуға, әріптестікті дамытуға және екі мемлекет азаматтарының игілігі үшін практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді» Петер Де Ровер
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар 2025-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар күнтізбесін пысықтауды жалғастыруға уағдаласты. Ол өзара сапарларды, тақырыптық дөңгелек үстелдерді және халықаралық парламентаралық алаңдардағы бірлескен бастамаларды қамтитын болады.