Румыния мен Қазақстан экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуда, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Қазақстанға инвестициялар: румын бизнесі үшін жаңа көкжиектер» атты іскерлік форум өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Румыниядағы Елшілігі, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ және «KMG International» (Rompetrol) компаниясы ұйымдастырды.
Форумға Румынияның Инвестициялар және сыртқы сауда жөніндегі агенттігінің, Румыния мен Бухарест сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылары, Қазақстанның Румыниядағы Құрметті консулдары, елдің ірі порт операторларының президенттері, Транскаспий халықаралық көлік бағытының қауымдасқан мүшелері, бизнестің конфедерациясы мен энергетика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы румын компанияларының өкілдері, сондай-ақ сараптамалық орталықтар мен ғылыми институттар қатысты.

Іс-шара тараптардың өзара түсіністігі мен қызығушылығының жоғары деңгейін көрсетті және мемлекеттік құрылымдар, іскер топтар мен салалық қауымдастықтар арасындағы мазмұнды диалог алаңына айналды. Форум барысында қазақ тарап инвестициялық ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын және бизнес жүргізу мен бірлескен жобаларды іске асыру жағдайларын жақсартуға бағытталған шараларды таныстырды.
Қазақстан Республикасының Румыниядағы Елшісі Ерлік Әли Форумды аша отырып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақындағы Жолдауындағы негізгі бағыттармен таныстырып, Қазақстанның тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап отырғанын аталып өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанның Румынияны Еуропалық одақтағы маңызды әріптес ретінде қарастыратынын және энергетика, көлік және өнеркәсіп салаларында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

«Kazakh Invest» АҚ-ның Еуропадағы өкілі Улбосын Сарыбаева шетелдік инвесторларды қолдаудың мемлекеттік тетіктері мен өзекті инвестициялық мүмкіндіктер туралы баяндама жасады.
Форумға қатысушылар Румыния бизнес қауымдастығының Қазақстанға – Орталық Азияның жетекші экономикалық орталығы және сенімді серіктес ретіндегі өсіп келе жатқан қызығушылығын бірауыздан атап өтті. Сонымен қатар екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланыстар орнатудың маңыздылығы ерекше көрсетілді.

Осы тұрғыда Румынияның жуырдағы Маңғыстау облысына жасаған бизнес-миссиясының қатысушылары сапардың табысты өткенін және қазақстандық серіктестермен ынтымақтастыққа деген қызығушылықтың арта түскенін аталып өтті. Констанца уезі мен Маңғыстау облысы арасындағы бауырлас аймақтар туралы қол қойылған меморандум өңіраралық өзара іс-қимылдың жаңа мүмкіндіктерін ашатыны да ерекше аталып өтті.
Іс-шара барысында румындық кәсіпкерлер Қазақстанмен ынтымақтастық тәжірибесімен бөлісіп, білім мен үздік тәжірибе алмасудың маңыздылығын айтты.

Форум Үкіметаралық комиссия мен салалық іскер топтар аясында практикалық диалогты жалғастыру және бірлескен жобаларды іске асыру туралы ортақ уағдаластықпен аяқталды.