Бейжіңде Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайту мәселелері талқыланды

1221
Фотосурет: Gov

Қазақстан мен Қытай сыртқы істер министрлері мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайту перспективаларын белгіледі, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қытай тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды.

Сапар барысында ол Қытай Халық Республикасының Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван Имен конструктивті кездесу өткізді.

Е.Көшербаев Қытай тарапын ҚХР құрылуының 76 жылдығымен және Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің 20-шы шақырылымдағы IV пленумының сәтті өтуімен құттықтады.

Сұхбаттастар екіжақты өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін, сондай-ақ биік және жоғары деңгейде жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын жан-жақты талқылады. Сауда-экономика, энергетика, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы бірлескен жобалардың практикалық іске асырылуына ерекше назар аударылды.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары тату көршілік, өзара сенім және тиімділік қағидаттарына негізделген Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың тұрақты дамуын атап өтіп, стратегиялық серіктестікті әрі қарай нығайтуға дайындықтарын растады.

«Қазақстан мен Қытай басшыларының жеке достық байланыстары мемлекетаралық қатынастарды үздіксіз дамытуға берік негіз болуда. Биыл көшбасшыларымыздың мағыналы өзара сапарлары мен олардың аясында жүргізілген келіссөздері қазақ-қытай ынтымақтастығын бұрын-соңды болмаған деңгейге көтергені сөзсіз» Ермек Көшербаев

«Қазақстан – өңірдегі сенімді стратегиялық серіктесіміз, біз екі ел халқының игілігі үшін өзара тиімді ынтымақтастықты жан-жақты нығайтып, дамытуға дайынбыз» Ван И

Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары динамикасы мен ауқымын қанағаттанушылықпен атап өтіп, алдағы сапарлар мен іс-шаралар кестесіне сәйкес ведомствоаралық және өңіраралық ынтымақтастықты жандандыру бойынша одан әрі қадамдарды айқындады.

Кездесу соңында қатысушылар сыртқы саяси ведомстволардың іс-қимылын үйлестіруді жалғастыруға және БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, «Орталық Азия – Қытай» форматы және басқа да көпжақты алаңдар шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайтуға дайындықтарын растады.

Сапар аясында Е.Көшербаев Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығында болып, мекеменің қазақ мәдениеті мен тілін, сондай-ақ екі халық арасындағы гуманитарлық байланыстарды ілгерілету жөніндегі қызметімен танысты.

Министр білім, туризм және мәдени алмасу салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудегі мұндай бастамалардың өзара түсіністік пен достықты нығайтуға үлес қосатынын атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -