Шымкентте Қазақстан мен Ауғанстанның үшінші іскерлік форумы өтіп жатыр

1111
Фотосурет: UKIMET

Шымкентте Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумы мен ауған тауарларының көрмесі басталды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Шымкент қаласында ауған тауарларының жыл сайынғы үшінші көрмесі өз жұмысын бастады. Дәстүр бойынша Ауғанстан шеберлері көрмеде былғары және кілем бұйымдарын, құрылыс материалдарын, тәттілер мен құрғақ жемістерді, алкогольсіз сусындарды, көкөніс пен жеміс-жидектерді, асыл тастар мен зергерлік және қолдан жасалған бұйымдарын ұсынды.

Көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин көрменің ауқымы жыл сайын кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Биыл Шымкентке Ауғанстанның 180-нен астам кәсіпкері келді.

Сол күні Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумы да өтті. Форумға екі елдің мемлекеттік органдары, салалық компаниялары мен іскер топтарының өкілдері қатысты.

«Ауғанстан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды сауда серіктестерінің бірі. Екі елдің де екіжақты және өңірлік деңгейде ынтымақтастықты дамытуға зор әлеуеті бар» Серік Жұманғарин 

Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы $545,2 млн құраса, биылғы жылдың 8 айында $335,9 млн болды.

Кейбір тауарлар бойынша жеткізілімнің азаюына қарамастан, биыл қазақстандық бидай экспорты 2,9 есеге, күнбағыс майы – 3,1 есеге өсті, ал мұнай өнімдері мен жүк көліктерінің экспорты екі есеге артты.

«Болжам бойынша, биыл тек бидай экспортының әлеуеті 9,6 млн тоннаны құрайды. Қазақстан Ауғанстанға жоғары сапалы бидай, ұн, күріш және қант жеткізуді ұлғайтуға мүдделі. Бұл өнімдердің өндірісі заманауи агротехнологияларды қолданудың арқасында жыл сайын өсіп келеді» Серік Жұманғарин 

Өз кезегінде Ауғанстанның Сауда және өнеркәсіп министрі Нуриддин Азизи өткізілген бизнес-форумдар мен көрмелер екі ел арасындағы байланыстарды дамытуға зор серпін беретінін айтып, қазақстандық инвесторларды ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, тау-кен өнеркәсібі және құрылыс салаларындағы жобаларды іске асыруға шақырды.

Бірлескен жобалар: ТМК-дан машина жасауға дейін

Форумда тау-кен металлургия, автомобиль жасау, химия және құрылыс салаларында бірлескен өндірістерді дамыту мәселелеріне баса назар аударылды. Қазақстан тарапы Ауғанстанға отандық өндірістегі локомотивтер мен жүк көліктерін жеткізуді арттыру мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін білдірді.

Ауғанстан аумағында тау-кен металлургия кешенін бірлесіп дамыту жөнінде келіссөздер жалғасуда. Биыл сәуір айында вице-премьер Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегацияның Кабулға сапары аясында «Қазатомөнеркәсіп» және «Қазақмыс» компаниялары бериллий мен қорғасын кен орындарын зерттеу бойынша екі геологиялық миссия жүргізді. Соның нәтижесінде «Қазақмыс Барлау» компаниясы Лагман провинциясындағы пайдалы қазбалар кен орнында барлау жұмыстарын бастады.

Қазіргі уақытта ERG Exploration компаниясы ауған тарапымен қосымша геологиялық ақпарат алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Қажетті зерттеулер аяқталған соң, ERG Ауғанстандағы барлау жобаларына қатысуды жоспарлап отыр.

Қазақстанның гуманитарлық миссиясы

Қазақстан Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыруда. Форум барысында жақын уақытта жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қазақстандық дәрігерлерден құралған медициналық миссия жіберілетіні хабарланды. Бұған дейін, қыркүйек айында, Ауғанстанға азық-түлік, дәрі-дәрмек, жылы киім және өзге де алғашқы қажетті заттар тиелген 26 вагоннан жасақталған гуманитарлық жүк жөнелтілген болатын.

CASA – жаңа сауда дәлізі

Серік Жұманғарин мен Нуриддин Азизи арасындағы екіжақты кездесу барысында тараптар Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан бағытындағы транзиттік дәлізді құру және Герат – Тургунди теміржол бағытын салу перспективаларын талқылады.

Айта кетсек, Пәкістанның Карачи портына шығатын Трансауған дәлізі «Солтүстік – Оңтүстік» жобасымен ұштасып, Парсы шығанағы мен Үндістан порттарына жол ашады. Бұл бағыттар бірігіп, Орталық және Оңтүстік Азияны байланыстыратын жаңа сауда желісін – CASA жобасын қалыптастырады.

Сондай-ақ ауған делегациясы Түркістан облысындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығының құрылыс алаңында болып, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерімен танысты. Қазір орталық аумағында жолдар салынып, инженерлік инфрақұрылым тартылып, өндірістік нысандар бой көтеріп жатыр. Алғашқы жеті жоба МӨЫО-ның алғашқы резиденттері болады деп жоспарлануда.

Бұдан бөлек, делегация «Эко-мәдениет» өнеркәсіптік жылыжай кешенінің құрылыс жұмыстарының аяқталу барысымен танысты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -