Қазақстан мен Финляндия арасындағы энергетикалық әріптестік жаңа деңгейге шықты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бүгін елордада өткен «Қазақстан – Финляндия» іскерлік форумы екі елдің экономикалық ынтымақтастығын нығайтты. Форум жұмысына Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб қатысып, энергетика саласын серіктестіктің негізгі бағыты ретінде атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстанның энергетика саласында экологиялық таза әрі тиімді шешімдерді енгізуге ұмтылысын атап өтіп, бұл үдерісте фин мамандарының қатысуын құптады.

Форум барысында Қазақстан мен Финляндия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы болып Қазақстан тарапынан Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бекітілетіні айтылды. Бұл шешім энергия тиімділігі мен инновациялық технологияларды енгізу бағытындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін береді.

Саланың инвестициялық ахуалы туралы баяндама жасаған вице-министр Санжар Жаркешов финдық технологиялық көшбасшыларымен өзара іс-қимылдың маңыздылығына ерекше назар аударды.

Қазақстандық тарап әлемдік деңгейдегі икемді электр энергиясы өндірісі технологияларын әзірлеуші Wärtsilä компаниясымен серіктестікті дамытуға мүдделі екенін растады. Финляндияның «жасыл» технологияларды енгізудегі көшбасшылығын ескере отырып, жаңартылатын энергия көздері саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру екі ел үшін зор мүмкіндіктер ашады.