Еуропада кіріп-шығуды тіркеудің цифрлық жүйесі іске қосылды

1265
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Ivan Marc / Shutterstock

EES жүйесін енгізу – соңғы ондаған жылдағы Еуропа әуежайларындағы ең ірі өзгерістердің бірі болмақ, деп хабарлайды DKNews.kz.

Шенген аймағында кіріп-шығуды тіркеудің жаңа цифрлық жүйесі (Entry/Exit System, EES) кезең-кезеңімен іске қосыла бастады. Бұл жүйе шекара қауіпсіздігін арттырып, Еуропалық одаққа кірмейтін елдердің азаматтарына бақылау рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған. Енді барлық үшінші елдерден келген жолаушылардың биометриялық деректері жиналып, бірыңғай орталық деректер базасына енгізіледі.

SITA компаниясының шекаралық бақылау жүйелері жөніндегі директоры Энди Смиттің (Andy Smith) айтуынша, EES жүйесін енгізу Еуропа әуежайлары үшін үлкен сынақ болмақ:

«Бұл – соңғы ондаған жылдағы ең ірі операциялық өзгерістердің бірі. Енді шекара қызметтері биометриялық деректерді жинап, төлқұжаттарды тексеріп, ЕО-ға кірмейтін елдердің азаматтарын бірыңғай деректер базасында тіркеуі керек. Ал әуежайлар үшін бұл жолаушылар ағынын қайта ұйымдастыруды және жаңа тексерулер ұзын-сонар кезектер мен рейстердің кешігуіне әкелмейтіндей жағдай жасауды талап етеді – әсіресе жүктеме жоғары уақытта».

Жүйені кезең-кезеңімен енгізу және технологияның рөлі

Маманның айтуынша, жүйені біртіндеп іске қосу алғашқы апталардағы жүктемені азайтуға көмектеседі, бірақ сонымен бірге белгісіздікті де арттырады, өйткені барлық еуропалық әуежайлар EES-ті бір мезгілде енгізбейді.

«Сондықтан жолаушыларды, әуе компанияларын және әуежайларды жүйенің енгізілу мерзімдері туралы алдын ала хабардар ету өте маңызды. Сондай-ақ алдын ала тіркеуге арналған мобильді қосымшаларды пайдалану мәдениетін дамыту қажет. Бұл түсінбеушілікті азайтып, өтпелі кезеңді барынша жеңілдетеді», - деді Энди Смит.

Негізгі фактор – серіктестік пен цифрлық шешімдер

SITA өкілінің айтуынша, нәтижеге қол жеткізу көп жағдайда үкіметтер, әуежайлар және технологиялық серіктестер арасындағы ынтымақтастыққа байланысты:

«Біздің шекаралық бақылау жүйеміз әлемнің 75-тен астам елімен бірлесіп әзірленген. Ол ЕО-ның орталық платформасына тікелей қосылып, жолаушыларға биометриялық деректерді өздігінен қызмет көрсету киоскілерінде немесе автоматтандырылған электрондық қақпаларда жылдам тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл кезектерді қысқартады және шекара қызметкерлеріне маңызды тексерулерге көбірек уақыт бөлуге жол ашады».

Болашақ – биометриялық бақылауда

EES жүйесі – шекаралық бақылаудың биометриялық модельге көшуіндегі жаһандық үрдістің бір бөлігі. Ол тиімділікті арттырып, қауіпсіздікті күшейтеді және саяхатшылар үшін рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетеді.

«Дайындықты ерте бастау, сенімді технологияларды пайдалану және туристік экожүйенің барлық буындарының үйлесімді жұмысы үкіметтерге ықтимал кідірістерді азайтуға әрі қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – бұл жолда оларды әр кезеңде қолдау», - деп түйіндеді Энди Смит.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -