Мемлекеттік кеңесші ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында Қазақстан Президентінің жаңа бастамалары туралы айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі – Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының төрағасы Ерлан Қарин Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Бас конференциясының (ЮНЕСКО) 43-ші сессиясында сөз сөйледі.
Мемлекеттік кеңесші өз баяндамасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясында сенімге, ашықтыққа, жауапкершілік пен әділдікке негізделген жаңа жаһандық консенсусты қалыптастыруға шақырғанын атап өтті. Осы орайда ол ЮНЕСКО-ның маңызы арта түскенін айтып, Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымымен (ICESCO) халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.
"ЮНЕСКО мен ICESCO ортақ мақсаттарды көздейді. Екі ұйымның ынтымақтастығын нығайту мәдениеттер арасында шынайы серіктестік құруға және олардың оң әсерін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде ғана ортақ мәдени мұрамыздың бар байлығы мен әртүрлілігін сақтайтынымызға сенімдіміз. Біз бірлесіп әділ, саналы әрі мейірімді әлемді құратын боламыз" Ерлан Қарин
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған Қазақстанды одан әрі жаңғыртудың жаңа қадамдары Е.Қарин баяндамасының негізгі өзегі болды.
Бұл ең алдымен экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллектіні жаппай енгізу және цифрландыруды кең көлемде дамытуды қамтиды. Қазақстан болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет атануды көздейді.
"Қазақстан цифрландыру мен жасанды интеллект құралдарын жеделдетіп енгізуде кешенді әрі жүйелі шешімдер қабылдаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып отыр. Қазақстан Президенті цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізуді жаңа ұлттық идея ретінде айқындап берді" Ерлан Қарин
Осы орайда Мемлекеттік кеңесші ЮНЕСКО-ның жасанды интеллект этикасын қалыптастырудағы жетекші рөлін қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ Қазақстанда ЮНЕСКО (RAM) әдістемесіне сәйкес жасанды интеллект этикасы мен оны дамыту жөнінде зерттеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Бұған қоса Ерлан Қарин Жолдауда жарияланған бір палаталы Парламентке көшуді әрі оны пропорционалды жүйе бойынша қалыптастыруды көздейтін саяси жаңғырту үдерісінің мақсаттары мен сипаты туралы айтты.
"Қазақстандағы Парламенттік реформаның мақсаты – саяси жүйенің институционалдық негіздерін одан әрі нығайту. Нәтижесінде партиялардың рөлі күшейіп, қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуы артады. Жалпы, Парламенттік реформа Қазақстандағы саяси жаңғырудың кезекті кезеңі болып саналады" Ерлан Қарин
Бас конференцияға Ұйымның 193 мүше мемлекетінен делегациялар қатысуда, оның ішінде үкімет басшылары, министрлер, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, дипломаттар, сарапшылар және басқалар бар.
 
                                             
                                                             
                                                             
                                                             
                                                            