Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина бастаған делегация Францияға жұмыс сапарымен барып, Францияның Ұлттық архивтерінің директоры Мари-Франсуаз Лимон-Боннемен кездесті. Тараптар архив ісі саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл сапар 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға ресми сапары кезінде Парижде қол қойылған Қазақстан Республикасы Президенті Архиві мен Франция Республикасының Ұлттық архивтері арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум аясында жүзеге асты.
Архивтер саласындағы серіктестік жаңа деңгейде
Кездесу барысында тараптар архив ісін цифрландыру, құжаттық мұраны сақтау және кәсіби байланыстарды кеңейту бағыттарында тәжірибе алмасу мәселелеріне баса назар аударды.

«Француз әріптестерімен серіктестік архив саласында жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін. Біз тарихи жадыны сақтау, үздік халықаралық тәжірибелерді енгізу және мәдени-ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделіміз. Сонымен қатар қазақстандық мамандар үшін тағылымдамалар ұйымдастыру, бірлескен көрмелер өткізу мен ортақ жобаларды іске асыру жоспарымызда бар», - деді Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина.
Тарих пен мәдениетті тоғыстырған сапар
Францияға сапар барысында қазақстандық делегация түркі әлемінің көрнекті тұлғасы Мұстафа Шоқайдың эмиграция жылдарында өмір сүрген Ножан-Сюр-Марн қаласындағы үйіне және оның құрметіне арналған «Шоқай бағына» барып, қайраткер рухына тағзым етті.
Сондай-ақ алдағы күндері делегация Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігіне қарасты архив басшылығымен кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Кездесу барысында тараптар архивтік материалдармен алмасу және ортақ ғылыми бағыттарды дамыту мәселелерін талқылайды.
Қазақстандық тарап француз әріптестерін 2026 жылы Астанада өтетін Халықаралық архивтер конгресіне қатысуға ресми түрде шақырды. Бұл жиын әлем архившілері үшін тәжірибе мен идея алмасудың маңызды алаңы болмақ.
Президент Архиві делегациясының Францияға сапары екі ел арасындағы мәдени және ғылыми байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Архив ісіндегі жаңа серіктестік жобалар тарихи мұраны сақтауға және оны келер ұрпаққа жеткізу ісіне тың серпін бермек.
