Қазан айының соңында Қытайдың Хуньчунь қаласында жолбарыстардың болашағына арналған жыл сайынғы Tiger Advisory Group (TAG) 2025 кездесуі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
27–29 қазан аралығында жолбарыс ареалына кіретін елдердің өкілдері, ғалымдар, WWF халықаралық кеңселері мен серіктестер жиналып, тәжірибе алмасып, өткен жылдың нәтижелерін қорытындылап, жолбарыс популяциясын сақтау және қалпына келтіру бойынша келесі қадамдарды белгіледі.

Кездесудің басты оқиғаларының бірі WWF Орталық Азия өкілдігінің таныстырылымы болды. Ұйым Қазақстанда жолбарысты қайта жерсіндіру бағдарламасының жүзеге асырылу барысын баяндап, 2024 жылдың күзінде Нидерландтан «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында бейімделуге жеткізілген алғашқы екі амур жолбарысының – Богдана мен Куманың бірінші жылғы өмірін қорытындылады.
Таныстырылым барысында өткен жылдың негізгі нәтижелері атап өтілді: жолбарыстардың жаңа ортаға сәтті бейімделуі, қорек базасының нығаюы, жергілікті қауымдастықтарды қолдау, серіктестіктердің дамуы және халықаралық ынтымақтастықтың күшеюі.

«Жолбарыс ареалына кіретін елдердің өкілдері көршілеріміздің бірегей бағдарламасына зор қызығушылық танытуда. Болашақта бұл жоба жай ғана экологиялық бастама емес, Қазақстанның адамзаттың табиғи мұрасына қосқан үлесі болмақ», - деп атап өтті WWF Қытай өкілдері.
WWF Орталық Азияның өкілдері өз баяндамасында:
«Қазақстан табиғи тарихының символдық бөлігін қайтара отырып, бүкіл әлемге үлгі көрсетіп отыр», - деп атап өтті.

Дәл бір жыл бұрын, 2024 жылы Қазақстанға алғашқы екі амур жолбарысы жеткізілген болатын. Олар WWF салған арнайы вольерлік кешенде - «Іле-Балқаш» резерватында өмір сүруде. Болашақта олардың ұрпағын табиғатқа жіберу жоспарланған, бұл жабайы мысықтар популяциясын қалпына келтірудің тарихи кезеңі болмақ.
Бағдарлама Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, WWF және БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, бірқатар елдер де жолбарысты тарихи ареалына қайтару мүмкіндігін қарастырып жатыр. Кездесуде Камбоджа, Лаос және Вьетнамдағы экожүйелерді қалпына келтіру, қолайлы орта жасау және ірі жыртқыштарға тұрақты болашақ қамтамасыз ету бойынша ұқсас бастамалар талқыланды. Осылайша, жолбарысты қайта жерсіндіру бүгінде экожүйелердің тепе-теңдігін қалпына келтіруге бағытталған елдерді біріктіретін жаһандық үрдіске айналуда.

«Жолбарыс ареалына кіретін елдердің күш-жігерін біріктіретін осындай маңызды халықаралық шараға қатысу - біз үшін үлкен мәртебе. Бұл бағдарламамызды таныстырып, нәтижелерімізбен бөлісуге таптырмас мүмкіндік. Мұндай кездесулер жолбарыстарды сақтау ісінде аса маңызды рөл атқарады - олар білім алмасуға, серіктестікті нығайтуға және осы айбатты түрді қорғауға бағытталған жаһандық күш-жігерді арттыруға мүмкіндік береді», - деді WWF Орталық Азияның директоры Екатерина Накашидзе.

Келесі жыл сайынғы Tiger Advisory Group (TAG) кездесуі Қазақстанда өтуі мүмкін. Бұл елдің жолбарысты қайта жерсіндіру бағдарламасы бойынша жеткен жетістіктерін көрсетуге, «Іле-Балқаш» резерватындағы нақты нәтижелермен танысуға және сирек түрлерді сақтау мен жыртқыштар популяциясын қалпына келтіру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға тамаша мүмкіндік болмақ.