NU студенттері синтетикалық биология бойынша беделді байқауда алтын медаль жеңіп алды

1166
Фотосурет: NU

Nazarbayev University студенттерінің командасы синтетикалық биология саласындағы ең ірі халықаралық iGEM байқауында алтын медаль мен «Best Entrepreneurship» арнайы жүлдесін жеңіп алып, әлемнің ең үздік жас биоинженерлері қатарына қосылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Биыл Парижде 28–31 қазан аралығында өткен жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен 7 мыңнан астам қатысушы және 420-дан астам команда қатысты.

«Арнайы номинациялар бойынша бәсекелестік өте жоғары болды. Біз EPFL, McMaster University, Boston University, Queen’s University, Beijing Institute of Technology, University of Rochester және Eindhoven University of Technology секілді командалармен бақ сынастық», – деп бөлісті iGEM NU Kazakhstan командасының жетекшісі Рауан Мұратұлы.

Қазақстандық студенттердің LUCID жобасы өкпе обырын ерте анықтауға арналған инновациялық жүйе болып табылады. Ол екі негізгі бөліктен тұрады: OncoSense атты талшықты биосенсор және Cancerna жасанды интеллект жүйесі. Бұл екі технология бірігіп, КТ-суреттерді талдау арқылы ісіктің сипатын дәлірек анықтауға көмектеседі. Өкпе обыры Қазақстанда ең жиі кездесетін әрі ең қауіпті қатерлі ісік түрлерінің бірі болып қала береді. NU студенттері осы ауруды ерте әрі қолжетімді анықтауға мүмкіндік беретін шешім ұсынды.

OncoSense биосенсоры телекоммуникацияда қолданылатын бірмодалы оптикалық талшықтарға негізделген, бұл оның сезімталдығын арттырып, өндіріс құнын төмендетеді. Қазір құрылғы ex vivo форматында клиникалық сынақтан өтіп, науқастардың қан сарысуынан биомаркерлерді анықтау тиімділігін көрсетуде.

Cancerna жасанды интеллект модулі жүйені толықтырып, ісіктерді қауіп деңгейіне қарай жіктейді, дәрігерлерге суреттерді талдауға, есептер құрастыруға және дәрілік өзара әрекеттестіктерді тексеруге көмектеседі. Болашақта команда ПЭТ/КТ деректері негізінде метастаз болжамын енгізіп, технологияны басқа қатерлі ісік түрлеріне де бейімдеуді жоспарлап отыр.

«Өлшеу әдісіміз доктор Даниэле Тоси жетекшілік ететін биосенсорлар мен биоқұралдар зертханасында жасалып, кейін өз биосенсорымызды құруға бейімделді. Біз сенсордың дұрыс жұмыс істейтінін және жеткілікті сезімталдыққа ие екенін растадық, сондықтан зерттеуді жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Ал жасанды интеллект жүйесін дамыту ісі Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп жүзеге асырылды. Алдағы уақытта ЖИ моделін қосымша оқытып, жетілдіріп, оны клиникалық жағдайда сынақтан өткізуді көздеп отырмыз», – деді Рауан Мұратұлы.

LUCID жобасы ғылыми маңыздылығымен қатар, кәсіпкерлік әлеуеті үшін де жоғары бағаланды. Студенттер өз шешімінің нарыққа енгізілу мүмкіндігін дәлелдеп, оның Қазақстан ғана емес, шетел клиникаларында да қолдануға болатынын көрсетті.

Nazarbayev University командасы

Профессорлар Даниэль Тоси, Иван Воробьев, тәлімгер Арман Алжанов, студенттер: Рауан Мұратұлы, Анастасия Тяжелов, Диана Бекешова, Темирлан Қаратай, Абылайхан Сералиев, Мадина Пирман, Бауыржан Кизатов, Батырхан Шарипбай, Асель Ахметали, Айзия Пайзулла, Айдын Оңгар, Айдина Алмахамбетова, Рания Ғайни, Алтынай Арыстангалиева, Ассима Серикбай, Аружан Тұрлыбек, Ажар Мукаш, Айша Даулетқызы, Бауыржан Төлеутай, Елдар Ерназаров.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -