Қазақ өнімдері Қытайдың 341 000 дүкен сөресіне шығарылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстандық өндірушілер China International Import Expo (CIIE) — жыл сайын күзде Қытайдың Шанхай қаласында өтетін сауда жәрмеңкесіне қатысты. ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қарасты экспортты дамыту жөніндегі бірыңғай оператор QazTrade бұл жолы кооперацияның әлеуетін таныстырды. Биыл Қазақстан өз өніміг бірден барлық төрт алаңда ұсынды. Атап айтсақ, ұлттық павильон, Қытайдың кооперативтер федерациясы (China Co-Op), Jiangsu SOHO алаңында және алғаш рет Алматы қаласының жеке павильоны.
Осы орайда, QazTrade пен Қазақстан кооперативтері ұлттық қауымдастығы (NACOFEC) Қытайдың ең ірі кооперативтік желісі China Coop-пен бірлесіп жұмыс жасайтынын мәлімдейді. Нәтижесінде жақын уақытта бал, қымыз, шұбат және кондитерлік өнімдердің алғашқы партиялары Қытай сөрелеріне шығады деп күтілуде. China Coop желісі 340 мыңнан астам дүкенді біріктіреді, ал жылдық айналымы 7 трлн юаньнан асады.

Шанхайдағы қазақстандық кооперативтер стендінде 30-дан астам компания мен кооператив өнімін ұсынды. Олардың қатарында: QazExport Global, ТОО GEOM, TOO OIL ECO, Prombaza-7, SHERSTNEV GROUP, IceMaster, Dinastiya Agro, “Kokshetau Mineral Water” JSC, MADI, Nauryz-5, Run Planet Organic, JAIN LLP, Danaker LLP, Mareven Food Tien Shan, Telli Kazakhstan LLP, NefisGroup Ltd., Industry of Semirechye, KAZAGRO-PRO LLP, KOMEK ASIA GROUP, LLP «Light Way Solution», LLP «LWS Agro», LLP «LWS TERMINAL» және Baraka №1 бар.
Биылғы Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та кооператив жүйесін дамытуды тапсырған болатын. «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ауылдық кооперация зор мүмкіндікке жол ашады. Осы бағытта пилоттық жоба іске асырылды. Оның нәтижесінде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің өнімділігі екі есеге артса, мал басының саны шамамен төрттен біріне көбейді. Бұл табысты тәжірибені өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, еліміздің барлық аумағында кезең-кезеңімен кеңейту қажет».

QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров атап өткендей:
«Қытай нарығына кооперация арқылы шығу отандық компанияларға әлдеқайда тиімді. Ұзақ мерзімде, тұрақты экспортқа шығуға мүмкіндік алады. Біз Қытаймен бірлескен маркетингтік зерттеулер жүргіздік. Алғашқы сынамалық өнімдерді жеткіздік. Нәтижесінде ұн, өсімдік майы, ет, бал, сүт пен кондитерлік өнімдерге басымдық беретін болдық».
Спикердің айтуынша, бүгінде Қытай компанияларының Қазақстан мен Орталық Азияға шығуына ықпал ететін акселерация және оқыту бағдарламасы іске қосылып жатыр. Бұл шешім өзара тиімді ынтымақтастықты орнатыр, тұрақты сауда платформасын құруға жол ашады.