Софияда Әлия Молдағұлованы еске алу рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай, Қазақстанның Болгариядағы Елшілігі қазақ халқының даңқты қызы туралы көркем фильмнің көрсетілімін ұйымдастырды.
Іс-шараға Болгария Журналистер одағының төрағасы мен оның мүшелері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ жергілікті қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты.

Қатысушылар Әлия Молдағұлованың ерлігі тек Қазақстан тарихының ажырамас бөлігі ғана емес, сонымен қатар соғысты бастан кешкен халықтардың ортақ мұрасы екенін атап өтті.
Айта кететін жәйт, кезінде Болгарияда Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева «Әлия» әнін орындағаны үшін халықаралық деңгейде танылып, бұл туынды естелік мен бейбітшіліктің әнұранына айналған еді.

Софиядағы фильм көрсетілімі батыр қызға деген құрметтің белгісі ғана емес, Қазақстан мен Болгария арасындағы мәдени байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Әлия Молдағұлова 2-ші Балтық майданының 22-армиясы құрамындағы 54-ші жеке атқыштар бригадасының мергені болған.
Ол 1944 жылдың 14 қаңтарында Псков облысының Новосокольники қаласының маңында ерлікпен қаза тапты. Қайтыс болғаннан кейін Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бүгінде оның есімімен көшелер, мектептер, мұражайлар және Ақтөбедегі әуежай аталған.