Қазақстанның Мексикадағы Елшісі Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысымен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мексикаға жұмыс сапары аясында Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев Қазақстан Республикасының Мексикадағы Елшілігіне келіп, Қазақстанның Елшісі Алмұрат Тұрғанбековпен екіжақты кездесу өткізді.
Тараптар ТМҰ-ға мүше мемлекеттер мен Мексика арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөнінде пікір алмасып, Орталық Азия мен Латын Америкасы арасындағы байланыстарды дамытудағы Қазақстанның маңызды рөлін атап өтті.

Бұған қоса, Қазақстан Елшілігінің ғимаратында К.Омуралиев Мексика мен әлемдегі экономика, қаржы және іскерлік саладағы жаңалықтарды талдауға маманданған жетекші мексикалық басылым – «El Economista» атты газетіне сұхбат берді.
Сапар шеңберінде ТМҰ Бас хатшысы Әзербайжан Республикасының Елшілігіне де барып, Әзербайжанның Уақытша сенімді өкілі Э.Рзаевамен, Түркияның Елшісі М.Эсенлымен және Қазақстанның Елшісі А.Тұрғанбековпен бірлескен кездесуге қатысты.

Кездесу барысында Мексикадағы ТМҰ сапары аясында өткізілетін алдағы іс-шаралар жоспары жөнінде пікір алмасты. Атап айтқанда, Эль-Батан қаласында (Мехико штаты) орналасқан Жүгері мен бидайды жақсарту жөніндегі халықаралық орталықта (CIMMYT) өтетін кездесулерге дайындық, сондай-ақ Мексиканың Сыртқы істер, Ауыл шаруашылығы, Қоршаған орта және табиғи ресурстар министрліктері, сондай-ақ Мексика халықаралық даму кооперациясы агенттігінің (AMEXCID) өкілдерімен жоспарланған келіссөздер талқыланды.

Сонымен қатар, ТМҰ Бас хатшысы К.Омуралиев Мексика Бас конгресінің төменгі палатасының депутаттарымен, сондай-ақ «Қазақстан – Мексика» парламенттік достық тобымен екіжақты кездесулер өткізді.
К.Омуралиев Қазақстан Елшілігіне мексикалық парламент мүшелерімен кездесуді ұйымдастыруға қолғабыс еткені үшін ризашылығын білдірді.
