«Қазақстанның жасырын інжу-маржандары» көрмесі Финляндияны тамсандырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Хельсинки қаласында Қазақстанның табиғатының, мәдениетінің және туристік әлеуетінің сұлулығы мен алуан түрлілігін паш еткен «Қазақстанның жасырын інжу-маржандары» атты көрме өтті.

Қонақтарға Қазақстанның қайталанбас көріністерін бейнелейтін көркем суреттер мен фотосуреттер ұсынылды. Қар басқан Алтай тауларынан бастап, мөлдір көгілдір көлдер мен шексіз далаларға, көрікті шатқалдарға дейінгі табиғат көріністері көпшіліктің назарын аудартты. Ерекше қызығушылық тудырған экспонаттардың бірі – ұлттық ою-өрнектермен және қолданбалы өнер туындыларымен безендірілген дәстүрлі қазақ киіз үйі болды. Ол келушілерге қазақы қонақжайлылық рухын сезінуге мүмкіндік берді.

Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов өз сөзінде мәдени бастамалардың екіжақты қатынастарды дамытудағы маңызын атап өтті. «Бұл көрме – фин халқы мен жұртшылығына Қазақстанның бір бөлшегін таныстырудың ерекше жолы. Біз еліміздің табиғи сұлулығын ғана емес, оның бай мәдениеті мен дәстүрлерін, заманауи болмысын да көрсеткіміз келеді», – деді Елші.

Іс-шараға фин қоғам қайраткерлері, дипломатиялық корпус өкілдері, журналисттер және Қазақстанның достары қатарынан 200-ден астам қонақ қатысты.
Қонақтар көрменің көркемдік деңгейін және жылы атмосферасын жоғары бағалап, қонақжайлық пен экспозицияның ерекше безендірілуін, сондай-ақ Қазақстан туралы тереңірек танысу мүмкіндігін атап өтті.

«Қазақстанның жасырын інжу-маржандары» көрмесі Финляндия жұртшылығын шынымен баурап, екі ел халқы арасындағы мәдени диалог пен достықты нығайтудың жарқын үлгісіне айналды.