Қазақстан мен Ресей өңірлері – екі ел экономикасының өсу драйверлері

759
Фотосурет: Ақорда

Мемлекет басшысы XXI Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс арқылы қатысты. Биылғы басқосу тақырыбы «Жұмысшы мамандықтар – экономикалық өсімнің қозғаушы күші» тақырыбына арналды.

Мемлекет басшысы аталған бірегей алаңда экономикалық, инфрақұрылымдық және гуманитарлық бағыттағы тың жобалар дүниеге келіп, кейін өңірлік деңгейде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жататынын атап өтті. Президенттің айтуынша, мұның маңызы зор. Өйткені экономикалық өсім және өнеркәсіп, ғылым, білім, мәдениет салаларындағы ынтымақтастық ең әуелі өңірлерде қалыптасады.

"Сауда-экономикалық, инвестициялық ықпалдастық жыл өткен сайын тұрақты түрде нығайып келеді. Бұл – қуантарлық жайт. Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Екі ел арасындағы тауар айналымы 28 миллиард доллардан асты. Оны 30 миллиард долларға дейін жеткізу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 2024 жылы Ресей инвестициясы рекордтық деңгейге жетіп, 4 миллиард долларды құрады. Ал осыған дейін Қазақстанға салынған ресейлік инвестицияның жалпы көлемі, біздің мәліметіміз бойынша, 27 миллиард доллардан асты. Өз кезегінде Қазақстан Ресейге 9 миллиардқа жуық инвестиция құйды. Елімізде Ресей капиталының үлесі бар 20 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Олар мыңдаған жұмыс орнын ашып, экономикамыздың қарқынды өсуіне зор үлес қосып келеді. Осы қомақты көрсеткіштерден өзара ынтымақтастық деңгейі қаншалықты жоғары екенін аңғаруға болады. Біз мұнымен тоқтамай, үнемі алға ұмтылып, сауда және инвестиция көлемін ұлғайта беруге тиіспіз деп санаймын" Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев форумның тарихи-мәдени мұраға бай, индустриялық әлеуеті зор Орал қаласында ұйымдастырылуының символдық мәні бар екеніне назар аударды. Орал шаһары ғасырлар бойы халықтарымыздың бірлігін бекемдеуге дәнекер болып келеді.

"Форум тақырыбының мәні ерекше. Өйткені жұмысшы мамандық иелері шын мәнінде елдеріміздің экономикалық өрлеуіне үлкен үлес қосады. Биыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Көп ұзамай бұл бастаманы қорытындылаймыз. Жұмысшы мамандарды жан-жақты қолдауға, олардың қоғамдағы беделін арттыруға және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға бағыт алдық. Аталған бағыттарға дәйекті түрде инвестиция салатын елдер инновация мен орнықты дамуда көш бастайтынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Жасанды интеллект технологиясының кеңінен енуі, өндірістік процесті жаппай цифрландыру және автоматтандыру жаһандық еңбек нарығын қазірдің өзінде түбегейлі өзгерте бастағанына куәміз. Өркениет көші еңбеккерлерді түрлі интеллектуалдық жүйелер мен цифрлық платформаларды басқара білуге міндеттейді" " Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент мамандардың жоғары біліктілігі мен заманауи дағдыларды меңгеруі Қазақстанда, сондай-ақ Ресейде өнеркәсіп өсіміне және технологиялық жаңғыруға негіз болып отырғанына тоқталды. Мұны қазақстандықтар да, ресейліктер де жақсы біледі.

"Жақында елімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің тұжырымдамалық негізі бекітілді. Ең озық технологияларды пайдалану машина жасау, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және экономиканың басқа да салаларына кадр даярлаудың маңызды бөлігіне айналды. Қазақстан «Росатом» бастаған халықаралық консорциумның қатысуымен бірінші атом электр стансасының құрылысына кірісті. Технологиялық әрі ғылыми тұрғыдан күрделі бұл жобаны табысты жүзеге асыру жоғары санатты кәсіби мамандарға тікелей байланысты. АЭС құрылысына алты мыңға жуық жұмысшы және үш мыңнан астам орта буын маманы жұмылдырылады. Сонымен қатар бейінді мамандарға сұраныс жоғары болатыны сөзсіз. Атом саласындағы кадр әлеуетін күшейту Қазақстан үшін аса маңызды сипатқа ие. Біз бұл мәселені шешуде ресейлік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастыққа ерекше мән береміз. 2022 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті филиалының ашылуы – соның айқын дәлелі. Жақында МИФИ ректорын қабылдап, оның өтінішімен оқытушылардың және ғалымдардың жұмыс жағдайын жақсарту жөнінде тапсырма бердім" Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы елдеріміздің білім саласындағы ынтымақтастығы туралы сөз қозғай отырып, қазақтың ұлы ойшылының ұлағатты сөзін мысалға келтірді.

"Ұлы Абай: «Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі» деп жазған болатын. Әрине, қазір заман басқа. Бірақ ұлы Абайдың сөзі әлі де өзекті. Ресейдің жоғары оқу орындары, Ресейдің ғылымы әлемдік ғылым-білім прогресінде көптеген көрсеткіш бойынша көш бастап келеді. Ресейдің жоғары оқу орындары Қазақстандағы университеттердің көпшілігімен серіктестік орнатқан. Бұл оң үрдісті қолдаймыз. Екі елдің жоғары оқу орындары арасында қос дипломды бағдарламаны және бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыруды қарастыратын 1453 келісімшарт жасалған. Қазақстанда Ресей университеттерінің тоғыз филиалы табысты қызмет істеп жатыр. Онда төрт мыңға жуық студент білім алады. Әсіресе, құрметті Владимир Владимирович, сонау 2001 жылы Сіздің тікелей араласуыңызбен ашылған Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалын айрықша атап өтуге болады. Сонымен қатар Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының бөлімшесі жұмысын бастады. Ресейде Қазақстан университетінің алғашқы өкілдігінің ашылуы біз үшін елеулі уақиға болды. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы жемісті жұмыс істей бастады" Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық және кәсіптік білім беруде ауқымды трансформация жүргізіліп жатқанын айтты.

"Инновациялық басқару, цифрландыру және интернационалдандыру қағидаттары негізінде 2025-2027 жылдарға арналған жоспар қабылданды. Колледждер теорияны практикамен, ал білім беру үдерісін өндіріспен ұштастыратын кәсіби мамандар ұстаханасына айналуы қажет. Сондықтан дуальды оқыту үлгісін белсенді дамытуды қолға алдық. Қазіргі таңда 100 мыңнан астам студент 18 мың кәсіпорынның базасында өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Төрт мыңнан аса компания 600 колледжге қамқорлық көрсетеді. Олар студенттердің өндірістік тәжірибеден өтіп, шыңдалуына, оқу орнындағы құрал-жабдықтарды жаңғыртуға атсалысады" " Қасым-Жомарт Тоқаев

Содан соң Президент форум қатысушыларына елімізде ақысыз негізде техникалық және кәсіптік білім беру жобасы іске асырылып жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек, жұмысқа орналасуға кепілдік бере отырып, маман даярлау механизмі енгізілді.

"Сонымен қатар кәсіби бағдарлау жұмыстары жүргізілуде. Жастар колледжде оқуды шын мәнінде сұранысқа ие мамандықты меңгеру жолындағы алғашқы саналы қадам ретінде қабылдауға тиіс. Педагогтердің қоғамдағы мәртебесі мен біліктілігін арттыруға айрықша көңіл бөлінеді. Техникалық және кәсіптік білім беруді интернационалдандыру аясында халықаралық стандарттар енгізіліп, шетелдік менеджерді тарту және академиялық ұтқырлықты дамыту қолға алынды. Қазақстандағы 60-тан астам колледж 30 елдегі серіктестерімен ынтымақтастық орнатты. Ал тоғыз колледжіміз Ресей колледждерімен және кәсіпорындарымен табысты жұмыс істеп жатыр" Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тарапынан жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және қоғамда жаңа еңбек мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ еңбек адамдарын құрметтеу үшін тиісті шаралар қабылданып жатқанына назар аударды.

"Біздің түпкі мақсатымыз – еңбеккерлерді табысты адамдардың үлгісі ретінде дәріптеу. Бұл жүздеген мың азаматты ынталандырады. Қазақстан мен Ресей өзара ынтымақтастықтың аса маңызды бағыты саналатын кадр даярлау ісіндегі серіктестікті дәйекті түрде тереңдетіп келеді. Білім беру және өндіріс саласындағы байланыстарды жандандыру маман даярлау сапасын жетілдіріп, озық технологияларды енгізу үдерісін үдете түсеріне сенімдімін. Бұл орайда өңірлер елеулі рөл атқарады. Өйткені ортақ күш-жігерді талап ететін бұл сала, түптеп келгенде, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырады" Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстан мен Ресей – өзара сенімді, уақыт тезінен өткен стратегиялық серіктестер әрі одақтастар екенін атап өтті.

"Біздің елдеріміздің тарихи тамыры, өткені мен құндылықтары ортақ. Қос халықтың достығы – тағдырдың жазуы. Барлық деңгейде сенімді диалог жүргізудің арқасында Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының мән-мазмұны ұдайы толығып келеді. Екі елге ортақ әлемдегі ең ұзын құрлық арқылы өтетін шекара – халықтарымыздың мәңгілік достығы мен тату көршілік қарым-қатынасының айғағы. Орайлы сәтті пайдаланып, Форум қызметіне және барлық салада ынтымақтастықты нығайтуға әрдайым назар аударып, қолдау көрсеткені үшін Ресей Президентіне алғыс айтамын. Бірге күш-жігер жұмылдыру арқылы алға қойған мақсаттарымызға жететінімізге сенімдімін" Қасым-Жомарт Тоқаев

Өз кезегінде Ресей Президенті Оралда өтіп жатқан форум аясында өңірлер арасында ондаған жаңа келісім мен меморандумға, коммерциялық келісімшартқа қол қойылғанын атап өтті. Бұл Ресей мен Қазақстан аймақтарының тығыз ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтуға ниетті екенін көрсетеді.

"Келесі форум 2026 жылы Қазан қаласында ұйымдастырылады. Біз Қазақстан делегациясын осы шараға қатысуға шақырамыз. Екі ел аймақтарының білім беру мен кадр даярлау салаларында ғана емес, экономикалық және әлеуметтік өмірдің басқа да бағыттарында ықпалдастық орнатуына мүмкіндік мол. Ресей мен Қазақстанның өңірлері бұрынғыдай жұмылып жұмыс атқаратынына сенімім кәміл. Бұл ретте өңірлеріміз тікелей, сондай-ақ түрлі деңгейде жолға қойылған кең ауқымды байланыстарға арқа сүйеп, Ресей мен Қазақстанның серіктестік және одақтастық қатынастарын одан әрі өркендетуге салмақты үлес қоса алады" Владимир Путин

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -