Қазақстан мен Ресей президенттерінің брифингі: жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңі

1034
Фотосурет: Ақорда

Қазақстан мен Ресей президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында бірлескен мәлімдеме жасады.

Президент Ресейге мемлекеттік сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасты одан әрі нығайту тұрғысынан аса маңызды деп санайды.

"Бүгін қол жеткізілген уағдаластықтар елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын толық көрсетеді. Бұл бірегей ықпалдастық өз бағытынан айнымайды. Менің ойымша, посткеңестік кеңістіктегі екі жетекші мемлекет арасында орнаған жан-жақты байланыстың ауқымы, шын мәнінде, еуразиялық қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементіне айналды. Бұл тұжырымдаманы бірқатар мүдделі мемлекет талқылап, зерделеуде. Ең бастысы, бізді ғасырлардан тамыр тартатын бай тарихымыз, белсенді мәдени-рухани байланыстарымыз, ортақ құндылықтарымыз, заманауи сын-қатерлерге қатысты ұқсас көзқарасымыз бен болашаққа бағдарымыз біріктіреді. Осындай берік негізге құрылған стратегиялық серіктестігіміз барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Биыл мемлекеттеріміз үшін мәні зор бірқатар мерейтойлық дата аталып өтті. Біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын лайықты деңгейде мерекеледік. Осылайша, Отанды қорғау және Ұлы Жеңіске жету жолында әлем тарихында бұрын-соңды болмаған бірліктің үлгісін паш еткен нағыз батырлар мен патриоттарды еске алып, құрмет көрсеттік. Әйгілі Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығы да айтулы оқиға болды. Бұл – ғарышты игеру ісінде ұзақ жылдар бойы ғылыми-техникалық ынтымақтастығымызды танытып келе жатқан бірегей жоба. Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарттың 20 жылдығы – маңызды меже. Біздің құрлық арқылы өтетін әлемдегі ең ұзын шекарамыз – тату көршіліктің жарқын символы" Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі елдің ықпалдастығы жаңа мазмұнмен ұдайы толығып келеді.

"Әлгінде ғана біз құрметті Владимир Владимировичпен бірге Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойдық. Бұл құжаттың тарихи мәні зор. Халықтарымыз арасындағы мызғымас өзара сенім мен ынтымақтастықтың келешегі кемел екенін көрсетеді. Осы орайда екіжақты байланысты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Владимир Владимирович Путинге шынайы ризашылығымды білдіремін. Қазақстандықтар Ресей Президентін жаһандық ауқымдағы мемлекет қайраткері деп біледі әрі құрметтейді. Оның есімі әлемге мәлім және қазіргі алмағайып заманда орыс халқы мен Ресей мемлекетінің мүддесін қорғау ісінде сенім мен қажымас қайраттың символы ретінде қабылданады. Қазақстан Ресей Федерациясының өркендеуіне шын мәнінде мүдделі. Бүгінгі келіссөздер нәтижесін жоғары бағалаймын. Кездесуіміз ашық әрі сенімді рәуіште өтті және нақты пайдасын берді" Қасым-Жомарт Тоқаев

Президенттер барлық деңгейдегі қарқынды диалогты қолдауға уағдаласқан.

"Өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, жоғары технологиялар, цифрландыру, гуманитарлық ықпалдастық, сондай-ақ жаңа инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне баса мән бердік. Күрделі халықаралық ахуалға қарамастан ынтымақтастығымыз халықтарымыздың игілігі жолында белсенді дамып келе жатқанына көңіліміз толатынын атап өттік" Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі саналатынына тоқталды.

"2024 жылдың қортындысы бойынша тауар айналымы шамамен 28 миллиард долларды құрап, биылғы 8 айда 17 миллиард доллардан асты. Алдымызға екіжақты сауда көлемін 30 миллиард долларға дейін жеткізу міндетін қойдық. Ресейден Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллардан аса тікелей инвестиция құйылды. 2024 жылы Ресейдің салған капитал көлемі рекордтық 4 миллиард долларға дейін өсіп, еліміздің ірі инвесторына айналды. Қазақстанның Ресейге құйған инвестициясы да артып, оның өзіндік құны 15 жылда шамамен 9 миллиард долларға жетті. Қазақстанда ресейліктердің қатысуымен 20 мыңнан аса компания жұмыс істейді. Бұл елімізде қызмет ететін шетелдік капиталы бар кәсіпорындардың жартысына жуығын құрайды. 175 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Іскерлік байланыстардың жоғары деңгейін одан әрі қолдауға және бизнес жүргізуге қажетті жағдай жасауға уағдаластық. Осы мақсатта Экономикалық ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы және Іс-шаралар жоспары қабылданды" Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысының пайымдауынша, Ақтау қаласында Ресей Бас консулдығының ашылуы өңіраралық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Бұдан бөлек, көлік-транзит саласындағы байланыстардың да келешегі зор.

"«Солтүстік – Оңтүстік», Транскаспий халықаралық көлік бағдары, «Аягөз – Бақты», «Достық – Мойынты» теміржол желілері және басқа да жобалардың мүмкіндігін кезең-кезеңімен кеңейтуге келістік. Трансшекаралық логистика инфрақұрылымын жақсарту, шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіру маңызды екенін атап өттік. «Трансалтай диалогы» перспективті бастамасын одан әрі ілгерілетуге ниеттіміз. Аталған формат Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия арасындағы тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтетін оңтайлы алаң болады" Қасым-Жомарт Тоқаев

Энергетика саласындағы серіктестік келіссөз арқауына айналды.

"Соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай прогреске қол жеткіздік. «Росатом» компаниясымен еліміздегі алғашқы АЭС құрылысы бойынша нәтижелі жұмыс атқарылып жатқанын атап айтқым келеді. Біз мұнай мен оның өнімдерін, көмір, электр энергиясын өндіру, тасымалдау және жеткізу бағыттарындағы серіктестікті нығайтуға келістік. Газ саласындағы ынтымақтастық перспективасын, атап айтқанда, Қазақстанның Ресеймен шекаралас өңірлерін көгілдір отынмен қамту, сондай-ақ үшінші елдерге тасымалдау мәселелерін егжей-тегжейлі талқыладық" Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент экономикалық байланыстар жаңа салалар есебінен ұдайы кеңейіп келе жатқанын айтты. Сапар аясында қол қойылған құжаттар елдеріміздің ғарышты игеру, атом энергиясын, арнайы экономикалық аймақтарды және креативті индустрияны дамыту бойынша айтарлықтай ілгерілеуіне мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы ІТ секторының болашағы зор екенін айтып, Қазақстанның бұл салада тәжірибесі мол екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықтарымыздың бірлігін арттыруда мәдени-гуманитарлық байланыстар айрықша рөл атқаратынын жеткізді.

"Гастрольдер, көрмелер, концерттер мен спорттық жарыстар секілді іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Жуырда Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері табысты өтті. Бұған дейін мәдениет күндері аясында еліміздің өнер қайраткерлері Якутия мен Қазанға барып қайтты. Биыл мамыр айында Астанада «Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік достығы аллеясы», ал кеше Мәскеуде «Қазақстан-Ресей достығы сквері» ашылды. Бұдан бөлек, Мәскеу көшелерінің біріне көрнекті ғалым-этнограф, Ресей армиясы Бас штабының офицері, Орыс императорлық география қоғамының құрметті мүшесі, танымал жазушы Феодор Достоевский мен белгілі ғалым Григорий Потаниннің жақын досы Шоқан Уәлихановтың есімі берілді. Мұндай жаңалықтар елдерімізде ерекше ықыласпен қабылданады. Бұл орайда Мәскеуде ашылатын Қазақ ақпараттық-мәдениет орталығының да маңызы зор" Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі ел мәдени-гуманитарлық бастамаларға жүйелі қолдау көрсетеді.

"Елімізде Ресейдің медициналық жоғары оқу орнының өкілдігін ашу мәселесі пысықталып жатыр. Қазақстанда орыс тілінде оқытатын мыңнан аса мектеп бар. Ал оқушылардың үштен бірі орыс тілінде білім алады. Бұдан бөлек, екі елдің білім беру стандарттары ескерілген мектептер салу жобасы іске асырылады. Алматыда демеушілердің қолдауымен ресейлік танымал «Сириус» мектебінің филиалы ашылады. Қазақстанда орыс мәдениеті мен тілін ілгерілетуге тиісті назар аударылады. Бұл маңызды іске еліміздің бастамасымен құрылған Халықаралық орыс тілі ұйымы өз үлесін қосып келеді" Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы келіссөздер барысында өңірлік және жаһандық күн тәртібіне қатысты пікір алмасқанын жеткізді.

"Қазақстан мен Ресей көпжақты алаңдарда белсенді әрі табысты ықпалдастық орнатқан. Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы және басқа да көпжақты құрылымдар аясында іс-қимылымызды одан әрі үйлестіруге дайын екенімізді растадық" Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растаған.

"Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының әлеуеті зор. Бірлескен жұмыстың шет-шегі жоқ. Елдеріміз барлық салада нәтижелі ынтымақтастық орнатты. Қазақстан мен Ресей арасында шешімін таппайтын түйткіл жоқ. Бұл тараптардың жауапкершілігі мен бірлесе жұмыс істеуге құлшынысы жоғары екенін көрсетеді. Мазмұнды келіссөз жүргізіп, қонақжайлық танытқаны үшін құрметті Ресей Президентіне тағы да алғыс айтамын. Тату көршілік қатынастарымыз болашақта да стратегиялық серіктестік пен одақтастық мұратына жетелей береді деп сенемін" Қасым-Жомарт Тоқаев

Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойылғанын атап өтті.

"Саясат, қауіпсіздік, сауда-инвестициялық, мәдени-гуманитарлық салаларда ұзақ мерзімді перспективадағы бірлескен жұмыстың нақты бағыттары үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер мен меморандумдарда белгіленді. Әрине, келіссөздерде экономикалық ықпалдастыққа басымдық берілді. Қазақстан – Ресейдің ТМД және тұтас еуразиялық кеңістіктегі ірі сауда серіктестерінің бірі. Сонымен қатар елдеріміз арасындағы алыс-беріс үнемі әртараптандырылып келеді. Онда шикізаттық емес өнімдердің үлесі көп" Ресей Президенті

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -