ҚР-дың Гуанчжоу қ. Бас консулы Уалихан Сәрсембеков Гуандун өлкесінде асыл тастар мен нефрит сауда орталығында өткен қазақ жадеит өнімдерін өндіруге маманданған «Rayya Materials Group Pye. Ltd.» компаниясының тұсаукесер рәсіміне қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға Гуандун өлк. асыл тастар мен нефрит сауда орталығының төрағасы Хуан Юн, өлкенің іскер топтары мен салалық сарапшылары қатысты.
Рәсімінің барысында Бас консул бұл әріптестік қазақ жадеитті әлемдегі ең ірі тас өңдеу және тас бұйымдары нарығына ілгерілетуге мүмкіндік беретінін, сондай-ақ Қазақстанның жоғары сапалы табиғи шикізаттың сенімді экспорттаушысы ретіндегі ұстанымдарын одан әрі нығайтатынын атап өтті.
Рәсімнің маңызды бөлімі ретінде «Нефрит – достықтың нышаны: Қазақстан мен Қытай бейбітшілік пен келісімде» тақырыбымен Гуандун өлкесіне салмағы 11 тонна қазақ жадеиттің символдық табыстауы жүзеге асырылды. Бұл қадам екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастың, өзара сенім мен стратегиялық серіктестіктің дәйекті түрде нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Тұсаукесердің барысында «Rayya Materials Group Pye. Ltd.» және «Sia Home» компаниясы (Қытайдың премиум сегментіндегі жетекші ритейлерлерінің бірі) ұзақ мерзімді стратегиялық жеткізілім жөніндегі келісімге қол қойды.
Аталған іс-шара халықаралық компаниялардың Қазақстанның табиғи минералдық ресурстарына деген қызығушылығының артып отырғанын айқын көрсетіп, еліміздің минералдық шикізат және креативті индустриялар саласындағы экспорттық әлеуетін кеңейтуге жаңа серпін берді.