Қазақстан мен Швейцарияның көпқырлы ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілуде

1562
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Швейцарияның Федералдық кеңесшісі, Сыртқы істер жөніндегі федералдық департаментінің басшысы Иньяцио Кассистің шақыруымен Берн қаласына ресми сапармен барды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Келіссөздер барысында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары саяси байланыстардың жоғары қарқынымен ерекшеленетін екіжақты қатынастардың достық әрі өзара сенімге негізделген сипатын атап, оларды одан әрі нығайтуға деген ортақ ұмтылысты растады.

Е.Көшербаев Швейцарияның Қазақстан үшін Еуропадағы сенімді әрі маңызды серіктес екеніне тоқталып, тұрақты саяси диалогты, өңірлік байланыстардың кеңеюін, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың артып келе жатқанын ерекше атап өтті.

«Үш онжылдықтан астам дипломатиялық қатынастар барысында Астана мен Берн жоғары деңгейдегі өзара іс-қимылды, сондай-ақ сындарлы үкіметаралық және парламенттік ынтымақтастықты қалыптастырды. Сауда-экономикалық байланыстар – серіктестігіміздің негізгі өзегі әрі қозғаушы күші» Ермек Көшербаев

Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды, соңғы 20 жыл ішінде Швейцарияның Қазақстанға салған инвестицияларының көлемі 35,8 млрд АҚШ долларына жеткені, ал 2025 жылдың алғашқы он айында тауар айналымы 1,2 млрд АҚШ долларын құрағаны аталып өтті.

Өз кезегінде И.Кассис швейцар тарапының жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдіріп, Швейцарияның 2026 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне назар аударды.

Қазақстан мен Швейцарияның сыртқы істер министрлері халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұқсас көзқарасты бөлісетінін айтып, медиация және су дипломатиясы салаларындағы өзара іс-қимылдың әлеуетін атап көрсетті.

Осы орайда тараптар сапар аясында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Швейцарияның «SDC» ынтымақтастық және даму агенттігі арасында «Blue Peace Central Asia» өңірлік бағдарламасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанына қанағаттанушылық білдірді.

Сонымен қатар Қазақстан СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеу институты мен Женевадағы Гуманитарлық диалог орталығы арасында өзара қызығушылық тудыратын салаларда бірлескен жобалар мен ынтымақтастық бағдарламаларын жүзеге асыруды көздейтін меморандумға қол қойылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -