Қазақстан МОМ халықаралық алаңында көші-қон саясатының басымдықтарын жариялады

1452
Фотосурет: Gov

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) Кеңесінің 116-сессиясы шеңберінде өткен көші-қон және даму мәселелері жөніндегі Жоғары деңгейдегі топтың отырысына қатысты.

Ол Қазақстанда көші-қон саясатын жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Отырыс көші-қон саласындағы өзекті сын-қатерлерді талқылауға және оларды шешудің оңтайлы жолдарын іздеуге бағытталған. Халықаралық көші-қон ұйымы Кеңесінің 116-сессиясының күн тәртібінде: көші-қон мен даму арасындағы өзара байланыстарды стратегиялық басымдық ретінде қайта пайымдау; ұзақмерзімді нәтижелер беретін практикалық әрі ауқымдауға болатын бастамаларды айқындау; саларалық серіктестікті және қаржыландыруды күшейту арқылы инклюзивті, болашаққа бағдарланған көші-қон жүйелерін қолдау; сондай-ақ даму саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізу үшін көші-қон циклының барлық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және дағдыларды дамытуға, қаржылық инклюзивтілікке, реинтеграцияны қолдауға ықпал ететін әлеуетті бастамалар қаралды.

Өз баяндамасында Асқарбек Ертаев ХКҰ-мен орнатылған көпжылдық әрі өзара тиімді ынтымақтастықты, Қазақстанның өңіраралық өзара іс-қимыл тетіктерін және көші-қон саясатын дамытуға қосқан үлесін, адам саудасына қарсы іс-қимыл мен адами капиталды ілгерілету бағыттарын қолдауды еске салды.

«Қазақстан – Алматы процесінің қатысушысы. Біздің төрағалығымыз аясында биылғы қараша айында техникалық сараптамалық топтың отырысы өткізілді және министрлік конференциясына дайындық жүргізілуде. Төрағалықтың негізгі басымдықтарының бірі – тиімді көші-қон саясатын қалыптастыру үшін стратегиялық маңызы бар көші-қон деректерін стандарттау»  Асқарбек Ертаев 

Вице-министр сондай-ақ биыл Халықаралық көші-қон ұйымының Бас директоры Эмми Поуптың Қазақстанға жасаған сапарын еске алды. Сапар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу өткен болатын.

«2024 жылы қазақстандық әртіс Димаш Құдайберген Азия бойынша ХКҰ-ның Ізгі ниет елшісі болып тағайындалған еді, ал бүгін, 2025 жылғы 8 желтоқсанда, Халықаралық көші-қон ұйымының Жаһандық бейбітшілік елшісі атанды. Мұның барлығы Қазақстан мен ХКҰ арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетеді»  Асқарбек Ертаев 

Асқарбек Ертаев сонымен қатар көші-қон саласына цифрлық құралдарды енгізу туралы хабарлады.

«2024 жылы Migration.enbek.kz бірыңғай көші-қон порталы іске қосылды. Ол Enbek экожүйесімен интеграцияланған және Қазақстандағы көші-қонды басқарудың цифрлық іргетасын құрайды. Портал «бір терезе» қағидаты бойынша мигранттарға 17-ден астам қызмет түрін ұсынады»  Асқарбек Ертаев 

Цифрлық құралдарды дамыту көші-қон саясатын жаңғыртумен тығыз байланысты, ал көші-қонды басқару жүйесін ішкі реформалау Қазақстан үшін негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.

Бұдан бөлек, вице-министр мигранттардың, соның ішінде еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде және Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының тұжырымдамасын әзірлеу туралы айтып берді.

ХКҰ Кеңесінің 116-сессиясына қатысу үшін Женеваға жасаған жұмыс сапары барысында Асқарбек Ертаев ХКҰ Бас директордың орынбасары Угочи Дэниелспен кездесіп, оған Enbek экожүйесін, әсіресе Migration.enbek.kz порталының жұмыс механизмдері мен қағидаттарын таныстырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -