Катардағы еңбек көші-қоны: Қазақстан азаматтары үшін жаңа кепілдіктер

1991
Фотосурет: коллаж DKNews.kz

Қазақстан мен Катар еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау жөніндегі ынтымақтастықты растады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қатар Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы қазақстандық жұмыскерлердің осы елде жұмысқа орналасуын реттеу туралы Келісімді орындау жөніндегі мемлекетішілік рәсімдердің орындалғанын растайтын жазбаша хабарлама жіберді. Осылайша, аталған Келісім күшіне енді.

Құжатқа 2024 жылғы 14 ақпанда Мемлекет басшысының Дохаға ресми сапары барысында қол қойылды. 2025 жылы келісімді ратификациялау туралы Заң жобасын ҚР Парламентінің қос палатасы (10 қыркүйек – Мәжілісте, 9 қазан – Сенатта) мақұлдады, 20 қазанда Заңға Қазақстан Республикасының Президенті қол қойды.

Келісім Қазақстан азаматтарын Катарда жұмысқа орналастырудың қауіпсіз және ашық жағдайларын жасауға және олардың құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Құжат мамандарды іріктеуге өтінімдер алмасудың, олардың біліктілігін тексерудің және еңбек шарттарын жасасудың нақты тәртібін бекітеді. Келісім қазақстандық жұмыскерлерге үлгілік еңбек шартына сәйкес ұшуға, тұрғын үйге және медициналық қызмет көрсетуге ақы төлеу, еңбектің, демалыстың және сыйақының нақты шарттары, шартты мерзімінен бұрын бұзған кездегі жұмыскерлердің мүдделерін қорғауды қоса алғанда әлеуметтік және еңбек құқықтарына кепілдік береді,

Келісім нормаларының орындалуын бақылау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) және Қатар мемлекетінің Еңбек министрлігінің өкілдерінен Бірлескен комитет құрылатын болады.

Қатарлық жұмыс берушілер ұсынатын барлық бос орындар migration.enbek.kz порталында орналастырылатын болады, бұл Қазақстан азаматтарына Қатар мемлекетіндегі еңбек мүмкіндіктеріне ашық және ресми қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта ЕХӘҚМ Корея Республикасымен, Сауд Арабиясымен, БАӘ, Словакия, Жапония, Швеция, Италия, Норвегия, Польша, Чехия, Румыния және Финляндиямен еңбек қызметін реттеу және еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғау бойынша осыған ұқсас меморандумдар мен келісімдер жасасу бойынша жұмыс жүргізуде.

2025 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша шетелде еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында 156,7 мың қазақстандық жұмыс істеп жатқанын естеріңізге сала кеткен жөн.

Қазақстан азаматтарының ең көп саны Ресей Федерациясында (128,8 мың адам), Корея Республикасында (15,2 мың адам), Польшада (2,6 мың адам) және Ұлыбританияда (1,4 мың адам) жұмыс істейді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -