2025 жылдың 10 желтоқсанында Лейден қаласындағы Eel Market Hall концерт залында қазақстандық композитор, пианист және зерттеуші Рахат-Би Әбдісағинның фортепиано кеші өтті. Концерт Қазақстанның Нидерландтағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылып, диаспора өкілдері мен классикалық музыка жанкүйерлерін жинады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл шара Еуропадағы қазіргі қазақстандық мәдениетті таныту жолындағы маңызды қадам болды.

Музыка мен ғылымды тоғыстырған музыкант
Рахат-Би Әбдісағин – Қазақстанның жаңа буын музыканттарының ең жарқын өкілдерінің бірі.

Ол екі «кванттық симфонияның», бірнеше авангардтық шығарманың және Quantum Mechanics and Avant-Garde Music: Shadows of the Void кітабының авторы.
Композитор шығармашылығында музыка, математика және физика өзара үйлесім табады. Ол кванттық механика мен заманауи композиция арасындағы байланысты зерттеп, белгісіздік принципі мен көпәлемдік интерпретация секілді ұғымдарды шығармашылыққа енгізеді.
Осы арқылы ол көне дәстүрді қайта жаңғыртады: музыка математикамен қатар қойылып, үйлесім заңдылық ретінде қарастырылған кезеңді.

Дәуірлер арқылы жасалған музыкалық сапар
Концерт бағдарламасы үш ғасырды қамтып, түрлі кезеңдердің әлеуметтік өзгерістері мен эстетикалық ізденістерін жаңа қырынан көрсетті.
Кештің кульминациясы - әлемде бейбітшілік пен гуманизм тақырыбына арналған, композитордың ерте кезеңдегі туындысы. Бұл – қақтығыстар салдарынан мәңгі көшуге мәжбүр құстар образы арқылы адамзатқа жолданған музыкалық үндеу.

Концерттен – ғылым әлеміне
Концерт Рахат-Би Әбдісағинның кванттық механикадағы спиннің 100 жылдығына арналған 100 Years of Spin халықаралық конференциясына қатысуының алғышарты болды.
Симпозиумда ол авангардтық музыка мен заманауи физика арасындағы байланыс туралы зерттеулерін ұсынып, ғылым мен өнер арасындағы диалогты жалғастырды.

Серіктестерге алғыс және елдің мәдени бейнесі
Қазақстанның Елшілігі Лейден университетіне, концерт залына, бағдарламаның серіктестеріне және диаспора өкілдеріне алғыс білдірді.
Рахат-Би Әбдісағинның концерті қазіргі қазақстандық өнердің халықаралық сахнада сенімді түрде естіліп, шығармашылық пен ғылымның қатар дамып келе жатқанын айқын көрсетті.