Трамп Иранға соққы беру нұсқаларын қарастырып жатыр – себеп жаппай наразылықтар

1661
Жан Арыстанұлы Редактор
Фотосурет: Financial Times

АҚШ президенті Дональд Трамп соңғы күндері Иранға қарсы әскери соққы жасауға қатысты жаңа нұсқалармен таныстырылды. Бұл туралы The New York Times басылымы осы мәселеден хабардар бірнеше америкалық шенеунікке сілтеме жасап хабарлады.

Басылым мәліметінше, түпкілікті шешім әлі қабылданбаған. Дегенмен Ақ үй Иран билігінің елдегі жаппай наразылықтарды қатаң басып-жаншу әрекеттеріне жауап ретінде әскери күш қолдану мүмкіндігін байыппен қарастырып отыр. Бұл наразылықтар елдегі терең экономикалық дағдарыс, ұлттық валютаның күрт құнсыздануы және халықтың тұрмыс деңгейінің төмендеуінен туындаған, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ақпарат көздерінің айтуынша, Дональд Трампқа бірнеше сценарий ұсынылған. Олардың қатарында Тегерандағы әскери емес нысандарға шектеулі соққы жасау нұсқалары да бар. Әзірге толыққанды әскери операция туралы сөз болып отырған жоқ, әңгіме саяси әрі әскери қысым көрсетуге бағытталған шектеулі әрекеттер жайлы.

Бұған дейін АҚШ президенті әлеуметтік желідегі жазбасында: «Иран еркіндікке бұрынғыдан да жақын болуы мүмкін. АҚШ көмектесуге дайын» деп мәлімдеген еді. Сондай-ақ АҚШ әкімшілігі бірнеше рет Иранда бейбіт наразылық білдірушілерге қарсы күш қолдану жалғасса, Вашингтон жауап шараларын қабылдауы мүмкін екенін ескерткен.

Тегеран бұл мәлімдемелерге қатаң реакция танытты. Иран Сыртқы істер министрлігі АҚШ билігінің сөздерін «арандатушылық әрі жаңсақ» деп атап, мұндай риторика Вашингтонның иран халқына қатысты дұшпандық ұстанымын көрсететінін мәлімдеді.

Ирандағы наразылықтар желтоқсан айының соңынан бері бірнеше ірі қаланы қамтыды. Ел билігі шерулердің өткенін мойындап, экономикалық мәселелерді шешуге дайын екенін білдіргенімен, зорлық-зомбылық пен тәртіпсіздікке жол бермеуге шақырды.

Осы жағдай аясында Иранның рухани көшбасшысы Әли Хаменеи жұма күні телеүндеу жасап, халықты бірлікке шақырды. Ол кейбір наразылық білдірушілер АҚШ-тың мүддесіне қызмет етіп отыр деп мәлімдеп, Дональд Трампқа өз еліндегі мәселелерге назар аударуға кеңес берді. Сонымен қатар Хаменеи Иранның сыртқы қысым мен «арандатушылардың» әрекетіне мойымайтынын атап өтті.

Қазіргі таңда жағдай күрделі күйінде қалып отыр. АҚШ-тың Иранға қатысты ықтимал қадамдары алдағы апталарда Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалға ғана емес, жаһандық қауіпсіздік пен қаржы нарықтарына да елеулі әсер етуі мүмкін.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -